Ұзақ үзілістен кейін біртіндеп спорттық бәсекелер жандана бастады. Өткен аптада Атырау қаласында муайтайдан балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық чемпионат өтті.
Оқшаулану уақытында оқу-жаттығудан қол үзбей, бабын сақтаған аудан спортшылары аталмыш сайысқа қатысып қайтты. Жалпы сайысқа облыстан 60-қа жуық спортшы қатысса, оның 12-сі Доссор кентіндегі балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің 14-15 және 12-13 аралығындағы ұландары.
Жарысқа қатысқан он екі муайтайшы да жүлдеден құр алақан қалмай, аудан қоржынын 7 алтын, 3 күміс, 2 қола медальмен толтырып қайтты.
Атап айтсақ, Дархан Кисоллин (51 кг), Ерназар Түгелбай (32 кг), Рамазан Қайратұлы (54 кг), Диас Саулебаев (45 кг), Арсен Маратұлы (42 кг), Арсен Бисенбай (38 кг), Әмірхан Құтқожин (52кг) алтыннан алқа тақса, Дәулет Сапаров (63,5кг), Әділет Құбайдолла (34 кг), Нұрасыл Рысқали (45 кг) күміс жүлдеге ие болды.
Нұрхан Үткенбай (45 кг), Рамазан Рысқали (45 кг) қола жүлдені місе тұтты. Жас жеткіншектердің бұл жеңісі - бапкерлері Ислам Галиев және Нұрлыбек Ордабаевтың еңбегінің арқасы.
Жарыс барысында шеберліктерімен көзге түскен 9 спортшы облыстың намысын қорғау үшін қараша айының 24-30 аралығында Шымкент қаласында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында бақ сынауда.
Жерлестеріміз намысты қолдан бермей, жеңіспен оралады деген сенімдеміз!
М.ІЗТҰРҒАНОВА