Мақаттық жас футзалшылар Ақтөбеден қос алтын олжалады

(0 Votes)

Мақаттық футболсүйер қауым үшін Ақтөбе қаласынан қуанышты хабар келіп жетті. Маусымның 3-5 күндері аралығында «Ақтөбе Академиясы» футбол клубының ұйымдастыруымен еліміздің футбол мектептері мен академиялары арасында футзалдан республикалық турнир ұйымдастырылған еді. Жан-жақтан барған 2010-2011, 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер «Академия кубогы» үшін сынға түсті. 

Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жас аяқдоп шеберлері екі жас категориясына да қатысып, екеуінен де чемпион атанды.

2010-2011 жылы туғандар арасында 11 команда қатысты. Жерлестеріміз жеңісті жолын «Алаш» командасынан 6-1 есебімен басым түсуден бастады. Кейін жергілікті «Академия Ақтөбе» командасынан есе жіберіп, топтағы соңғы турда «Сұлукөлден» басымдылық танытты. Плей-оффтың алғашқы кезеңінде «JF» жігіттерінен, жартылай финалда «Академия Ақтөбеден» есе қайтарды. Ал ақтық ойында «Майкөмген» құрамасынан 2-1 есебімен айласын асырды.

2012-2013 жылдары туған жас өрендеріміз топтық кезеңде «JF», «Алаш», «Арлан» және «Имидж» командаларын сәйкесінше, 3-0, 6-1, 12-0, 2-0 есептерімен жеңіп, «Бейбарысқа» қарсы ойында есеп ашылмады. Жартылай финалда Боранқұлдан барған «Опорный» құрамасын 6-0 есебімен жеңіп, финалда алаң иесі «Ақтөбе Академиясынан» пенальти сериясында басым түсті.

Балалардың бас бапкері Әнуар Теңдібайдың айтуынша, Мақат БЖСМ тәрбиеленушілері биылдың өзінде әлі талай жарыстарда бағын сынамақ. Барған жерінен құр қайтпайтын спортшыларымызға жеңісті жолдарын жалғай беруді тілейміз!

А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT