Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елдікке шақырған екінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде еңбек адамдарына айрықша тоқталып, оларға қоғамның құрметі болуы тиістігін, оларды үлгі етуіміз керектігін айтқан болатын. Міне, осынау ой орамына саятын кезекті шара спортшылардың құрметіне арналды. Өйткені, бұл салада да мемлекетіміздің мерейін әлемдік деңгейде тасытып, көк туымызды желбіретіп жүрген спортшылар мен олардың жаттықтырушылары аз емес. Спорт күніне орай аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада олардың да мерейі бір тасып қалды.
Шара барысында алғаш болып сөз алған аудан әкімі Ринат Ибрагимов ауданда спорт саласы қарқынды дамып келе жатқанын және спортшыларымыз байрақты бәсекелерде мұнайлы мекеннің абыройын асқақтатып жүргенін айтып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, ол спорт саласына елеулі үлес қосқан бірқатар спорт қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында: Жақсылық Саматұлы, Ербұлан Айжарықұлы, Бағытжан Қуатұлы, Асылбек Мұратқалиұлы, Әлихан Қанатұлы, Талас Нәбиұлы, Дәулет Саматұлы, Олжас Әбдуғалиұлы, Әбіл Қаржаубайұлы, Абзал Мәлікұлы бар. Одан бөлек, Жамила Тыныштыққызы, Данияр Хасанов, Талғат Қайролдаұлы, Амангелді Қобдабаев, Қуаныш Досмағамбетов, Анар Балабаева, Тәттігүл Мадиярова, Бану Құбылова бар.
Бұдан соң аудандық мәслихат төрағасы Азамат Шаңғалаев барша спортшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, спорттың әр түрінен жеткен жетістіктері үшін спортшылардың еңбектеріне өз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, спорттың дамуында аянбай еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін спорт ардагері Марат Нұрмақовқа Құрмет грамотасын табыстады. Сонымен қатар, өңірдегі дене шынықтыру мен спортты дамытуға өз міндетін адал, үлгілі әрі мінсіз атқарып, жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігін ерекшеленгені үшін Сәндібек Сақтанов, Айбек Сәбитов, Нұрлыбек Ордабаев, Исмет Асқарұлы, Әділет Нұрбекұлы, Ербол Маратұлы, Нұрбек Зауза мен Әнуар Теңдібай аудандық мәслихат төрағасының арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Ә.ҚАСЫМ