Көршілес Қызылқоға ауданының Сағыз ауылынан жергілікті өнерсүйер қауым үшін қуанышты хабар келіп жетті. Облыстық халық шығармашылық орталығы ұйымдастырған 35 жасқа дейінгі жас ақындар айтысында жерлесіміз Анварбек Садықов үшінші орынды қанжығалады.
Алдымен айта кететіні, ақындарға айтыстың ардагерлері Жайғали Өтеуғали, Мүтиғолла Ғани, Шынарбек Қабиев, Саадат Нұрманов, айтыскер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дидар Қамиев, айытыскер, журналист Серікбол Панабердиевтер төрелік етті.
Айтысқа Атырау қаласы мен облысымыздың аудандарынан барлығы 12 ақын қатысқан еді. Бұл жолғы бәсекенің бір ерекшелігі - ақындар сахна үстінде соқыр жеребемен жұпталды. Алғашқы жұптарда қазылардың шешімімен жергілікті ақын Бимырза Әбілқайыр индерлік Мейрамғали Алғалиевтен, құрманғазылық Нұрбейбіт Нұғыманов Жамансордың тумасы Салауат Кәрімұлынан басым болды. Үшінші жұптың кезегі келгенде Анварбек Садықовтың аты жазылған қағаз суырылып, оған қарсылас болып өзінің қатар оқыған құрдасы, жанбайлық жүйрік Өнербек Дәулекенов түсті. Екеуі әдемі айтыс үлгісін көрсетіп, жерлесіміз жеңілмегендей көрінгенімен, қазылар оны келесі айналымға өткізбей қойды. Кейін шоқпартоғайлық танымал айтыскер ақын Салауат Исақаевтың ұлы Ернұр Исақаев Индер ауданының тумасы Абылай Смағұловтан және исатайлық Амангелді Панабердиев Махамбеттің жас қыраны Ерасыл Мұхитовтан айласын асырды. Соңында бір ақынның келмей қалуына байланысты Атырау қаласының атынан қатысқан Манарбек Сатыбалдыға қарсылас жетпей қалды. Сол жерде қазылар келесі айналымға өтпей тұрғандардың арасынан жақсы айтыс жасаған Әнуарбек Садықовты жұпсыз қалған ақынмен айтыстды. Бұл жолы жерлесіміздің бағы мен бабы қатар шауып, финалға соңғы жолдаманы жеңіп алды.
Финалдық кезеңде де ақындар жеребемен жұпталды. Оның нәтижесінде асылдың сынығы Ернұр Исақаев соңғы айтыстардан құр қол қайтпай жүрген Нұрбейбіт Нұғымановты, қарабаулық Бимырза Әбілқайыр Мақатқа күйеубала болып сіңіп кеткен Анварбек Садықовты қапы қалдырды. Қызықтың көкесі финалдың соңғы жұбында болды. Өнербек Дәулекенов алғаш рет өзінің туған күйеубаласы Амангелді Панабердиевпен айтысып жолын берсе де, қазылар шешімімен суперфиналға жолдама алды. Ол жердегі қарсыласы Ернұр Исақаев екендігі айтылды. Қос ақын 10-15 минутта шаппа-шап айтыспен халықтың көңілінен шыға білді. Бірақ екеуі бір-біріне жол берумен болды.
Аузымен құс тістеген жас жүйріктер айтыс бойы Сағыз даласын мекен еткен аңызға айналған тұлғалар Зәкария Сағындықұлы, Тобанияз Әлниязұлы, Құныскерей Қожахметұлы, Әзен аналарды жырына қосты. Сонымен қатар ақындар өздерінің сөздеріне сағыздықтардың мәдениет пен өнердегі жетістіктерін және жастардың ауыл-ауылға бөлініп өзара төбелесуін жиі арқау етті.
Марапаттаудың сәті келгенде үшінші орын Нұрбейбіт Нұғыманов пен Анварбек Садықовқа, екінші орын Амангелді Панабердиев пен Бимырза Әбілқайырға бұйырды. Қазылар бірінші орынға Ернұр Исақаевты, ал бас жүлдеге Өнербек Дәулекеновты лайық деп тапқанымен, соңғысы ізеттілігін көрсетіп бас жүлдені інісіне табыстады.
Жыр додаға түскен айтыскерлердің айтуынша, айтыстың сәтті өтуіне көрермендердің ерекше ықыласы себеп болды. Ал Атырау айтысының бас ұйымдастырушысы атанған Шалқарбай Ізбасаровтың сөзіне сенсек, алдағы аламандар да шаппа-шап түрінде өте бермек.
А. Байшуақ