Аяқдоп десе елең етіп отыратын оқырмандарымыз үшін тағы да қуанышты хабар. Аудан намысын айтулы додаларда абыроймен қорғап жүрген "Бахтияр" командасы футзалдан Атырау қаласының чемпионатында бірінші лигада өнер көрсеткен болатын. Аталмыш турнир еліміздегі карантин жағдайына байланысты уақытынан бұрын аяқталды.
Бабы мен бағы келіскен "Бахтиярлық" жігіттер бұған дейін өзіне қажетті деген ұпайға қол жеткізіп, турнирлік кестеде үшінші орынға орныққан еді.
Облыстық футбол федерациясының ассоциациясы ұйғарымы бойынша үздік үштікті түйіндеген команда осы жерден Премьер лигаға жолдама алды. Сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылар аламанында аудан бойынша бұған дейін тек Доссорлық "Самет" командасы өнер көрсеткен еді. Енді міне Мақат кентінен алғаш болып "Бахтияр" командасы Премьер лигаға жол тартты. Ойындар желтоқсан айының орта тұсында деп жоспарлануда екен. Ендеше сіздерге тек жеңіс тілейміз.
А.САДЫКОВ