Ақтөбе қаласында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық топтары педагогтарының қызметін ынталандыратын фестивальдік және конкурстық іс-шараларды өткізу, дарынды мұғалімдерді, топтар мен орындаушыларды анықтау, олардың қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мақсатында ІІ Халықаралық кубок - Гран При чемпионаты болып өтті.
Аталған байқауға Мақат балалар өнер мектебінен 56 оқушыдан тұратын «АЛАУ» би тобы қатысып, командалық есеппен байқаудың Гран Приін жеңіп алды. Фестиваль-конкурсқа кәсіби топтар да қатысты. Олардың жұмыстары жеке жүйемен бағаланды. Яғни, кәсіби және әуесқой командаларға сәйкесінше баға берілді.
Нәтижесінде, кіші топ бойынша 10 оқушы қазақтың ұлттық биімен І орын, 24 оқушы «Наше время» биімен ІІ орын иеленсе, орта топ бойынша 14 оқушы «Алау» биімен ІІ орын иеленді. Айсұлу Борисова жеке «Бұлбұл» биін билеп, байқаудың Гран Приін иеленді.
Осы байқауға Мақат ауданынан бірге барған Бәйге-төбе мектеп-бөбекжай кешенінің балабақша тәрбиеленушілері балдырған тобы жүлделі І орынға ие болды. Оқу жылы басталғаннан бері бишілерді үздіксіз дайындаған Айгүл Изтелеуова, Айнаш Жалғасбаева, Әсем Ерімова конкурстың арнайы дипломымен марапатталды.
19 қараша күні Мақат теміржол станциясында Мақат балалар өнер мектебі ұжымы, мектеп басшылары, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар Ақтөбеден жеткен жүлдегерлерді қуанышпен күтіп алды. Әсем әуен қалықтаған перронға Халықаралық байқау жүлдегерлерінің құрметіне арналған шағын салтанатты жиын өтті. Жиында мектеп директоры, ата-аналар жетекші мұғалімдерді және жүлдегерлерді жетістігімен құттықтап, өнер биігінен көріне беруіне тілектестік білдірді. Ата-аналардың ақ батасы, ақжолтай тілегі көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Ұлттық өнердің дамуына Мақаттық жас дарындардың қосар сүбелі үлесі алда екеніне жиылған ел көңілінде үлкен сенім ұялады. Болашағынан үлкен үміт күтетін балаларға, оқушыларымызға сенім артып, қолдау көрсеткен ата-аналарға, ұстаздарға мектеп басшылығы разы.
Асқар Кеңесұлы,
директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары