Бүгін Туризм және спорт министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу мәселесі талқыланды, деп жазады Egemen.kz.
Қазір республика бойынша 521 жасөспірімдер спорт мектебі бар. Онда 406 227 спортшы жаттығады. Жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 114 түрі, соның ішінде олимпиадалық спорт түрлерімен – 302 204, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша – 31 043, ұлттық спорт түрлері бойынша – 44 695, Азия ойындары бағдарламасына енгізілген спорт түрлерімен 27 581 адам шұғылданады.
Ведомствоның кеңейтілген жиынында спортшыларды медициналық тұрғыда қолдау шарасы күшейтілетіні айтылды.
«Келесі маңызды бағыт – спортшыларды алаңда медициналық және биологиялық қамтамасыз ету. Бекітілген салалық тұжырымдамаға сәйкес, еліміздің 9 өңірінде, соның ішінде Ұлытау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында медициналық дене шынықтыру диспансерлерін ашу жоспарланып отыр. Облыс басшыларынан осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізуді сұраймыз», делінген министрлік хабарламасында.