Бүгін, 5 қазанда Ханчжоуда (Қытай) өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасынан екі боксшы алтын медаль үшін жұдырықтасады. ҚазАқпарат бұл туралы Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Астана уақытымен сағат 17:00-де Карина Ибрагимова шаршы алаңға шығады. Отандасымыз 57 келіге дейінгі салмақтағы ақтық сында тайваньдық Тинг Ю Линмен кездеседі.
Сағат 19:15-те ерлер арасында аса ауыр салмақтағы жекпе-жек өтеді. 92 келіден жоғары салмақтағы финалдық кездесуде Қамшыбек Қоңқабаев өзбек боксшысы Баходир Жалоловпен жұдырықтасады. Ел спортшылары қатысатын екі финалдық жекпе-жектің тікелей трансляциясын Qazsport телеарнасынан көруге болады.
Айта кетейік, Азия ойындарының финалына жолдама алған Карина Ибрагимова бұған дейін солтүстіккореялық Джин Хянг Пэкті, моңғолиялық Намуун Монхорды және Тәжікстан өкілі Мижгона Самадованы жеңді.
Турнир барысында Қамшыбек Қоңқабаев Бахрейн боксшысы Данис Латыпов пен үндістандық ауыр салмақтағы боксшы Нарендерді жеңді.