Өткен аптаның аяғында «Атырау - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Мақат ауданы бойынша өкілі Күлпәш Әлишева Мақат аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Айнұр Елемесовамен ауданымызда тегін дәрі-дәрмектің берілуі туралы сұхбат жүргізді.
Бүгінгі таңда аудандық емхана ғимараты ішінен «СҚ-Фармация» ЖШС-нің дәріханасы ашылып, осы дәріхана арқылы арнайы есепте тұратын науқастар дәрігерлердің рецептік түбіртегі бойынша тегін дәрі-дәрмек алып келеді.
«Жыл сайын жылдық қорды жоспарлау үшін дәрі-дәрмекке сұраныс беру әрбір аймақ дәрігері мен жалпы тәжірибелі дәрігерлер, кардиолог, невропатолог, эндокринолог, гематолог, психиатр мамандары арқылы ғана жүргізіледі. Есепте тұратын науқастардың барлық деректері толтырылып, жылдың аяғында жоспар жасақталады. Тұрғындарға тегін дәрі-дәрмекті қамтамасыз ету үшін сатып алынатын тендердің өткізілуіне облыстық денсаулық сақтау басқармасы жауапты», - дейді аурухана директорының орынбасары.
Аудан бойынша 2021 жылға 85 887 001,73 теңгеге дәрі-дәрмек алуға ұсыныс берілсе, ол қазіргі таңға дейін 47 382 866,34 теңге көлемінде қамтылып, 55% -ды құрап отыр.
А.Есжан