Парламент Мәжілісі «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасын екінші оқылымда қабылдады. Олар кодекс жобасында вакцинация, донорлық, трансплантация, психикалық және репродуктивті денсаулық, скрининг, жеке медициналық мәліметтерді жинау мен темекі тұтынуды реттеуге қатысты норманы қарады.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook парақшасында кодекстегі оң өзгеріске қатысты жазба жариялады. Соның ішінде вакцина салдыруға айрықша тоқталып, ел ішіндегі күмәнді сейілткендей болды.
Вакцина сапасы сын көтереді
Екпеге үрке қарайтындардың пікірінше, вакцинаның сапасы төмен. Бұл аргументке министр үзілді-кесілді қарсы шықты. Елімізде вакцина сапасын қадағалау тіркеу кезеңінен басталады. Дәрі-дәрмекті сараптаудың ұлттық орталығы сарапшылары алгоритмге сәйкес стандартын тексереді. Екінші аналитикалық кезеңде вакциналарға лабораториялық зерттеу жүргізеді. Клиникалық зерттеу тарихы мен вакцинаның эпидемиологиялық тиімділігі тексерістен өтеді. Тіркелгеннен кейін вакциналардың әрбір партиясын қауіпсіздік пен сапа сынағы күтеді. Егер вакцина халықаралық ұйымдар арқылы сатып алынса, оның қауіпсіздігі мен сапасы ДДСҰ деңгейінде тексеріледі.
«Қазақстандағы әрбір вакцина қауіпсіздік, тиімділігі мен сапасы бойынша көпсатылы тексерістен өтеді. Ол тексерістің бәрі де өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандартына сай келеді», – деді министр.
Министр сөзін медицина ғылымдарының докторы Динагүл Аяпбекқызы да мақұлдады. ДДСҰ әр вакцинаға талдау жүргізетінін алға тартты. Вакцина сатып алуға қаражаты жетпейтін елге көмек қолын созатынын атап өтті. Ел арасында сапаға қатысты күмән осы мәселеге қатысты шықса керек-ті. Жоғары санатты дәрігер-инфекционист вакцина туралы ақпарат таратуда абай болуға шақырды.
«Вакцина туралы сөз қозғалғанда анамның айтқаны еске түседі. Өйткені 3 баласына қызылша шығып, бірінен соң бірі шетінеп кеткен. 40 жылдары қызылшаға қарсы вакцина жоқ болғасын қолдан ештеңе келмеді. Қазір медицинаның қауқары жетеді. Сондықтан көптің қанқу сөзіне ермей, екпенің адамзатқа келтірер пайдасына көз жұмуға болмайды», – дейді Астана медициналық университетінің жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі.
Сурет: ашық дереккөз