Дүние жүзінде жылдан-жылға онкологиялық ауруға шалдыққандар саны артып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдығады екен. 2023 жылы 218 мың науқас диспансерлік есепте тұрып, 12 мың науқас қатерлі ісіктен қайтыс болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында:
« Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жекеменшік медицинаға зор пайдасын тигізді.
Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды.
Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс» -деп медициналық сақтандыру жүйесіне басымдық берудің маңыздылығын атап өтті.
СКРИНИНГКЕ САЛҒЫРТ ҚАРАМАҢЫЗ!
– Медициналық сақтандыру қоры жыл сайын профилактикалық тексерулерге қыруар қаражат бөліп отырады. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтауға арналған скринингтер де бар. Скрининг – ауруды және оның туындауына әсер ететін факторларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық зерттеулер жиынтығы. Тексерудің бұл түріне салалық мамандардың консультациясы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулер кіреді. Профилактикалық тексерулер МӘМС пакетіне енген, сондықтан скринингтен өтетін азамат сақтандырылған болуы шарт. Скринингтік зерттеулердің кей түрі бес жыл сайын, кейбірі екі немесе төрт жыл сайын жасалады. Бұл мерзім әр аурудың даму қарқынына қарай белгіленген.
Скринингті өз жасыңызға сай, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тіркелген медициналық мекемеңізден, ауруханалардан өтуге болады. Мәселен, 40-70 жас аралығындағы әйелдер жылына екі рет маммографиядан өтуге тиіс. Ол сүт безі қатерлі ісігін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Ал жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі төрт жылда бір рет, 30 жастан бастап жүргізіледі. Одан бөлек 50-70 жас аралығындағы барлық ер-әйел екі жылда бір рет колоректальді обыр тексерісінен өтуі міндетті. Онкологиялық ауруы болуы мүмкін деген науқастарға кешенді жоспар шеңберіне КТ және МРТ жүргізіледі. Бұл қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында іске асырылатын болды. Азаматтарға енді қалғаны – уақытылы тексерістен өту, дәрігердің бақылауында болу ғана. Сонда ғана жан-жағындағыны жалмап келе жатқан «обыр» сынды қатерлі дертті жеңуге болады дейді мамандар.
Скринингтен біздің елімізде тегін өтеді және мемлекеттік ауруханада ем-дом жасалады. Мұндай бағдарлама тіпті Еуропа елдерінде жоқ. Ол жақта әр адам өзі үшін жылына бір рет немесе екі рет чек-ап яғни толық тексерістен өтіп отырады. Әлбетте ақылы түрде. Ал біздің халықта «ауырмаудың жолын іздеу» деген түсінік қалыптаспай келеді. Тіпті кезекті скрининг уақытында учаскелік дәрігердің шақыртуын да ескермейтін жандар бар.
Осы бір салғырттықтың салдарынан бүгінде елімізде обыр дертінің ошағынан шыға алмай қалып жатқан науқастар жетерлік. Бастапқы кезеңде білдірмейтін, сездірмейтін бұл дертті ерте анықтаудың ең дұрыс шешімі уақытылы тегін скринингтен өту деп отыр мамандар.
СУСЫННАН КЕЛГЕН ҚАТЕРЛІ ІСІК
Онкологиялық аурулардың алдын алудың тағы бір тәсілі – зиянды тамақтардан бас тарту. Халқымыз «ауру – астан» деп біліп айтқандай. Бүгінде дұрыс тамақтанбаудың салдарынан иммундық жүйесі әлсіреп, асқазан-ішек жолдарының, ұйқы безінің қатерлі ісігіне шалдыққандар саны артуда. Күнделікті тамақтану тәртібіне энергетикалық, газдалған сусындарды қосу арқылы біз асымыздың құнарлығын жойып, оны уға айналдырып отырмыз. Жарнамасы жарқырап, іші толы консервант пен зиянды өнімдерден жасалған сусындар дүкен сөрелерінде самсап тұр. Өкінішке қарай, жас пен кәрінің сүйікті сусынына айналған олар ашық түрде жарнамаланып отыр. Жолаушы тасымалдайтын жүргізушілер жолда өздерін сергек ұстау үшін жиі тұтынса, жастар жағы оның зияны мен пайдасын ажыратпай да іше беруге бар. Алайда энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қажет. Максималды мөлшер – күніне 2 құты. Одан асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін. Өйткені, оның құрамына кофеиннен бөлек, таурин, инозит, аминқышқылдары, рибоза және дәрумендер секілді микроэлементтер кіреді. Жалпы аты айтып тұрғандай, энергетикалық сусындар ағзаны күш- қуатпен қамтамасыз етеді, энергия береді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ондай қасиет жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Біз өз бойымыздағы қорымызды шамадан тыс пайдаланамыз, яғни энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді. Бір сөзбен айтқанда ағзадағы өмір бойына жететін күш-қуатты тез арада сыртқа алып шығаруға бағытталған сусын оны сарқа тауысып, әлсіздікке ұшыратып, тез қартаюға себеп болады.
ЕНДІ ЕЛДЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ
Энергетикалық сусынды шамадан тыс қолданудың салдарынан адам өлімі фактілері де тіркелген. Ең алғашқы рет 2009 жылдың қазан айында Пенза қаласының студенті осы сусындарды шектен тыс пайдаланғанның кесірінен көз жұмған. Міне, содан да болар, Франция мен Германия елдерінде бұл сусындарды өндіруге мүлде тыйым салған. Енді Қазақстанда да 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады.
Бұл норма жуырда Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңда қамтылды.
– Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметіне қарағанда қазір кәмелетке толмаған 200 мыңнан астам адам тұрақты түрде құмар ойын ойнаған. Жасөспірімдер де энергетикалық сусындарды ішіп отырып, бәс тігулері мүмкін. Энергетикалық сусындар алкогольден де қауіпті болды. Қазір 10 жасар бала да энергетикалық сусынды оңай сатып алады. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды,- деп нақты айтты.
Энергетикалық сусындардың зияндылығына қатысты мәселе көтеріп жатқан ел тек Қазақстан емес. Айталық, энергетикалық сусындардың зиянды жақтарын анықтай келе Австралия, жаңа Зеландия, оның артынша Дания мен Норвегия өз нарықтарында оларды сатуға да, ішуге де қатаң тыйым салған. Ресей де осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда ресейлік мамандар Ресей Федерациясында энергетикалық сусындар жастардың арасында инсульттің көбеюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағуда.
ЭНЕРГЕТИК СУСЫН ІШІП, САЛДАРЫМЕН КҮРЕСКЕНДЕР
Энергетикалық сусындарды тұтынуда - бас ауруы, мазасыздық, ашуланшақтық, бас айналу, сананың шатасуы, құрысулар және психикалық жағдайдың өзгеруі сынды белгілерді жиі байқауыңыз мүмкін. Жалпы медицина мен ғылым энергетикалық сусындарды онкологиялық аурулардың нақты қоздырғышы, себепкері деп жариялаған жоқ. Әйтседе жуырда белгілі қазақстандық актер, «Рэкетир» фильмінде басты рөльді сомдаған Мұрат Бисенбин қатерлі ісікпен күресіп жатқанын айтып, сұхбат берген еді. Танымал тұлға алты жыл бойы салмақ қоспай, тек спорттық энергетикпен және қантсыз коламен қоректенген. Бүгінде ұйқы безінің қатерлі ісігіне шалдыққан ол көрермендерге тамақтану тәртібіне аса мән беріп, жылына екі рет ағзаңызды толық тексерістен өткізіп тұруға кеңес берді.
Обыр дертінің «Болезнь Хочкина» деп аталатын тағы бір ауыр түрін жеңіп, ортамызға оралған жерлесіміз, жалғансайлық ақын жігіт Рахымжан Асқардың да осы тақырып төңірегінде айтары бар екен.
– Көп жағдайда аты жаман аурудың белгілері біліне бермейді. Бірақ мен өз денемедегі белгісіз ісіктер мен түйіндерді байқап, тексерістен өте бастадым. Солай ұзақ талдамалардың нәтижесінде осы аурудың белгісі анықталып, диагнозымды отандық, ташкенттік дәрігерлер де нақтылады. Дертімнің себеп-салдарын әлбетте ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ, сырқаттанбас бұрын жұмыста үлкен тексеріс болып, сол маңызды кезеңде жауапкершілікті өзіме көп артып алғаным есімде. Күні-түні ұйқысыз сергек жүру үшін энергетикалық сусындарды үзбей ішіп жүрдім. Ақыр соңы иммунитетім әлсіреп, жаман аурудың ошағын оятып жіберді. Қазір 19 химиятерапия алып, Алланың қалауымен ауруымнан айықтым десем болады. Бір жыл сайын толық тексеруден өтіп отырамын. Жат елде ем алып жатқан кезімде дәрігерлер менен 5-6 кіші студенттің асқазан қатерлі ісігінен ем алғанын айтқан еді. Ол да ауруының себебін сол энергетикалық сусынды көп тұтынғаннан көріпті. Сондықтан жастарға әсіресе, балаларға мұндай зиянды өнімдерді алып беруден бас тартыңыз. Кейін оның салдары өкінішпен аяқталуы әбден мүмкін. Сонымен қатар жаман ауруға шалдыққан күннің өзінде оны жеңіп шығамын деген үмітпен күресе беріңіз. Ауру сізді емес, сіз ауруды басатын рухыңыз болу керек,- дейді обырды жеңген жерлесіміз Р.Асқар.
Салауатты өмір салтын сақтану, дұрыс тамақтану, ұйқы режимін дұрыстау, жаман әдеттерден бас тарту – осының бәрі адам ағзасында ұйықтап жатқан обыр жасушаларының оянбауына оң әсерін тигізеді. Орынсыз күйзеліс пен уайым да жаман аурудың ең жылдам қоздырғышы саналады. Деннің саулығын, тәннің саулығын ойлаған әр адам өзі үшін жылына бір рет толық тексерістен, қосымша скрининг пен дәрігердің қабылдауынан қалмағаны жөн.
А.САТАЕВА