Мақатта МӘМС мәселесін түсіндірді

(0 Votes)

«Ұлттың дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе. Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы саланы дамытуға тың серпін береді деп үміттенеміз» - деген ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың арнайы тапсырмасынан кейін жүйеге жүйелі өзгерістер еніп, ол туралы халық арасында түсіндіру жұмыстары қолға алынғаны белгілі. 

Аптаның сәрсенбісінде Мақат кенті әкімінің кіші мәжіліс залында облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту және мемлекеттік бағдарламаларды мониторингілеу бөлімінің бас маманы Анар Қуанышқызы және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Закарьяұлы кент тұрғындарымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тақырыбында осындай кездесу өткізді. Жиын барысында алдымен «Байтолла Закарьяұлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүйесіне тоқталды.

-Елімізде қазақстандықтар денсаулығын қорғау бағытында бірқатар бағдарламалар қабылданып, көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Маңызды реформалардың бірі - халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне міне 3 жылдың жүзі болды. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, күрделі оталар қолжетімді болды.

Жалпы, бұл жүйені енгізу көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейту және олардың көлемін ұлғайту бөлігінде ғана емес, сондай-ақ күрделі оталар мен жоғары дәлдіктегі диагностиканы күту ұзақтығын қысқарту мәселелерін шешуге мүмкіндік берді, - деді өз баяндамасында.

Сондай-ақ, ол 1 шілдедегі жағдаймен Атырау облысы бойынша 79 731 адам сақтандырылмай отырғандығын, осы сақтандырылмаған 79 мың адам ауырып қалған жағдайда медициналық көмекті тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде ғана ала алатындығын жеткізді.

Одан бөлек, биылғы жылы «Медициналық сақтандыру қоры» арқылы Мақат ауданына қарасты 1 алғыс, 6 шағым түскендігін, оның екеуі толықтай дәлелденіп, ал 2 шағым жартылай дәлелді болғандығын айтты.

Одан әрі аудандық аурухананың уақытша міндетін атқарушы Гүлдана Жақсыбергенқызы аудандағы сақтандырылмағандар туралы баяндады.

Баяндамашының сөзінен ұққанымыздай, ауданы бойынша 2023 жылдың шілде айы жағдайымен, РПН бойынша халық саны 26986 адамның 24945-і сақтандырылып, сақтандыру пайызы 92,4 %-ды құрап отыр. Ал, сақтандырылмағандар саны шілде айында 2041 адамды құраған. Оның ішінде Мақат кентінде - 911, Доссор кентінде - 1022, Бәйгетөбе ауылдық округінде - 110 азамат сақтандырылмаған.

-Аудандық аурухана дәрігерлері және мейірбикелерімен аудан бойынша 2041 сақтандырылмаған азаматтардың тізіміне толықтай зерделеу жүргізді. Жіктеп алғанда 349-ы ¬- жұмысшылар, 747-і - тұрақты жұмыс жасамайтындар, 116-сы -жеке кәсіпкерлер, 83-і - өз-өзіне жарна төлейтіндер, 143-і - студенттер, 299-ы - үй шаруасындағылар, 23-і -қайтыс болғандар, 91-і - көшіп кеткендер, 184-і - зейнеткерлер, яғни жасына жетпей зейнетке шыққандар, - деді ол.

Сондай-ақ, ол аудандық аурухана міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне сақтандырылмаған тұрғындарды тарту мақсатында ақпараттық- түсіндіру жұмыстарын негізінде бірқатар шаралар атқарғандығын айтып өтті.

Баяндама аяқталғаннан кейін тұрғындар тарапынан әртүрлі сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Сала мамандары сұрақтарға жауап беріп, сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту, медициналық сақтандыру жүйесіндегі олардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру жұмыстарын одан әрі бірлесіп жасау керектігін жеткізді.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT