Бруцеллез – жануарлар мен адамдардың зоонозды инфекциялық ауруы. Бұл ауру адамға ауылшаруашылық малдарынан жұғады. Инфекция көзі бруцеллезбен ауыратын жануарлар қой, ешкі, ірі мүйізді мал, шошқа болып табылады. Адамдар үшін ең қауіптісі – қой-ешкі малы.
Адамдар ауру жануарларды бағып-күтуде жеке бастың алдын алу шараларын сақтамағанда, олардан алынатын шикізаттарды өңдеуде және тамаққа шикі сүтті және одан дайындалған өнімдерді, жеткіліксіз қайнаған етті пайдаланғанда жұқтырады.
Бруцеллез қоздырғыштары ағзаға өткеннен кейін адам бірден бруцеллезбен ауырмайды. Жасырын кезеңнің ұзақтығы шамамен 1-3 аптаға, ал кейбір жағдайларда бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.
Ауру әдетте біртіндеп басталып, көңіл-күйі нашарлайды, бұлшықеттері ауырады, асқа тәбеті жоғалады, терлейді, жұмысқа қабілеттілігі төмендейді. Көп ұзамай бұл белгілер күшейіп, дене ыстығы 39-40оС-қа дейін жоғарылайды, басы, буындары ауырады, әлсіздік, ұйқысыздық пайда болады.
Бруцеллезді жұқтыруды болдырмау үшін, әрбір адам келесі ережелерді қатаң сақтауы қажет: - жыл сайын малдарды бруцеллезге тексеруден өткізу; - малда түсік тастау жағдайын тез арада малдәрігеріне хабарлау; - балаларды бруцеллезге тексерілмеген малдарға күтім жасауына, олардың төлдерімен ойнауына жол бермеу;
- мал күтіміне кіріспес бұрын, арнайы киім кию;
- бұл киімдермен тұрғын үйге кірмеу;
- жұмысты аяқтағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;
- ауру мал тұрған қораларда тамақ ішпеу, темекі шекпеу;
- малдәрігерінің алдын-ала қарауынсыз малды союға жол бермеу;
- малды союды аулада емес, мал сою пункттерінде жүргізу;
- жеке адамдардан мал сатып алғанда малдәрігерінің рұқсат қағазын талап ету;
- ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындардан алу (базарлар, дүкендер, үлкен сауда нүктелері).
Бруцеллез емделетін ауру. Дер кезіндегі диагностика мен емдеу жедел бруцеллездің созылмалы сатыға өтуін ескертеді. Адам тез жазылып, асқынуларды болдырмау үшін емді алғашқы ауырғаннан күннен бастап алу қажет. Әдетте, дер кезінде емін алып, дәрігер тағайындаған емдеу курсынан толық өткен науқастар тез жазылып кетеді.
Осы жоғарыда көрсетілген шараларды сақтау Сізді бруцеллезді жұқтырудан сенімді қорғайтынын әрқашан есте ұстаңыз!
Г.Каримова,
Мақат аудандық СЭББ статист маманы