Қазір айналамызда қызуы көтеріліп, әлсіздік, жөтелу, мұрынның бітелуі секілді белгілермен ауырып жатқандар жетерлік. бұл ауданда жіті респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттанудың маусымдық өсімі бар екендігін аңғартады. мәселен 2023 жыл басталғаннан бері ауданда тұмау белгілері бойынша балалар арасында 190 және ересектер арасында 65 жағдай тіркелген.
Оның ішінде тұмау – 1 және ЖРВИ – 1 жағдайы расталып отыр. Балалардың 65-і емханадан емделсе, қалған 125-і дәрігердің қадағалауымен үйден ем қабылдаған.
Бүгінде аудандық емханаға ЖРВИ және тұмау ауруына байланысты күніне 50-ге жуық науқас шағымданып келеді екен. Олардың ішінде көбінесе балалар мен жүкті әйелдердің сырқаттану көрсеткіші жоғары.
Аудандық емхана мамандарының мәліметінше, қазіргі таңда жіті респираторлық вирустық инфекциямен инфекциялық стационарда 24 науқас емделіп жатыр. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар – 7, 3 жасқа дейінгі балалар – 8, 7 жасқа дейінгі балалар – 5, ересектер – 2, жүкті әйелдер саны – 2 құрап отыр.
Әдетте біз тұмауға жеңіл-желпі қарай саламыз. Алайда бұның соңы денедегі өзге де созылмалы ауруларды өршітіп, асқынуға әкелуі мүмкін. Тұмауды қоздыратын вирус-тар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау микробы ауаға жөтелгенде, түшкіргенде және қақырық арқылы таралады. Сондай-ақ бұл вирус науқастың ыдысы, сүлгісі, орамалы т.б. арқылы жұғады. Бұл тұрғыда аудандық аурухананың эпидемиолог дәрігері Гүлдана Төлепова осындай асқынулар болмау үшін қазан айынан бастап жедел жоспар бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.
«Күн суытқаннан бастап алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Тұмау белгілері байқалған науқастар өзгелерге жұқтырмас үшін бірден оқшауланады. Бұл үшін арнайы фильтр бөлмелері ұйымдастырылған.Егер сіз дене температураңыздың жоғарылауына, мұрынның ағуына, жөтелге, тамақ ауруына және суық тиюдің басқа белгілеріне байланысты медициналық көмекке жүгінсеңіз, емханаға кіру қатаң түрде фильтр кабинетке жүгіну арқылы жүзеге асырылады. Фильтр кабинет емхананың артқы жағындағы 2 қабатты ғимараттың оң жақ бөлігінде орналасқан. Сонымен қатар, балалар мен жүкті әйелдерге емхананың бөлек артқы есігінен кіру міндетті және маска режимін қатаң сақтау қажет»,- дейді эпидемиолог дәрігері Г.Төлепова.
Тұмау басталғанда дене дел-сал болып, көңіл күйі нашарлайды және науқастың тағамға тәбеті шаппайды. Бір-екі күннен кейін дене қызуы көтеріліп, бас ауырады, бұлшық еттер сыздап, буын-буын сырқырайды, мұрын бітеді, дауыс қарлығып, жөтел пайда болады, тамақ қызарып, жұтынғанда ауырады, көз қызарып жасаурайды. Мұндай жағдайға душар болмас үшін алдын алу шараларын естен шығармаған жөн. Себебі, өз денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз!
Ә.ҚАСЫМ