Облыстық ауруханада адам ағзасындағы бүйрек пен зәр шығару жолдарындағы тастарды хирургиялық тәсілдердің көмегінсіз емдеуге мүмкіндік беретін заманауи әдіс – литотрипсия қолданыла бастады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, литотрипсия – соққы толқындары арқылы бүйрек тастарын ұсақ бөлшектерге бөліп, олардың табиғи жолмен шығуына көмектесетін инновациялық әдіс.
Бұл жаңашылдықтың артықшылықтары хирургиялық араласуды қажет етпейді, яғни бүйрек тастары отасыз алынады. Сонымен қатар емдеу барысында науқас ауырсынуды сезінбейді. Бұдан басқа науқастың қысқа мерзімде қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді.
–Бұрын бүйрек тастарын алу үшін пациенттерге ота жасалып, одан кейін олардың ұзақ уақыт қалпына келуі қажет болатын. Енді арнайы құралдар арқылы тастар ұсақталып, табиғи жолмен шығады. Қазірдің өзінде 20-дан астам науқас осы әдіспен емделіп, оң нәтижесін көрді, — дейді аталған басқарманың баспасөз хатшысы Нұрай Махонова.
Айта кету керек, өңірдің денсаулық сақтау саласы заманауи технологияларды енгізу арқылы халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді жалғастырып жатыр.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ