Жолың болсын, жас түлек!

(0 Votes)

 Биылғы соңғы қоңырау – әлемде орнаған карантин жағдайына байланысты санитарлық талаптарды сақтана ұйымдастырылған екінші соңғы қоңырау. Қайта былтырғы жылға қарағанда,  «болады-болмайдыға» салдырмай, нақты өз күнінде соғылды.

Газетіміздің алдыңғы санында соңғы қоңырау тек мектеп бітіруші 9 бен 11 сыныптар үшін өтетінін және ата-ананың біреуіне ғана қатысуға рұқсат етілгенін жазған болатынбыз. Осындай ережені ұстана отыра, ауданымыздағы 9 мектепте салтанатты шара өтсе, соның бірі – Доссор кентіндегі Ораз Сарғұнанов атындағы орта мектеп.

Ауданымыз бойынша таза орыс тілінде білім беретін жалғыз оқу орнында барлығы 535 оқушы тәлім алады. Оның 10-ы биыл түлеп ұшқалы тұрса, 3-еуі «Алтын белгіге» үміткер. Шағын мектеп үшін бұл - үлкен жетістік.

Мектеп ауласында өткен соңғы қоңырауға 9, 11- сынып бітіруші түлектер, мектеп ұстаздары мен әкімшілігі, ата-аналар және арнайы қонақтар ретінде аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Айнұр Сәрсенбаева мен аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сәрсен қатысты.

9663b0ce-fecc-4c8f-a36f-8b4b4f5df68c

Алдымен ортаға 11-сынып оқушылары мен олардың сынып жетекшісі Гүлжахан Оразғали шақырылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны ойнағаннан кейін алғашқы болып сөз кезегі берілген мектеп директоры Айжан Сапақова: «Жолдарың әрдайым ашық болсын. Өмірдің сындарынан сүрінбей өтіп, өз орындарыңды табуларыңа тілектеспін. Алдағы емтихандарыңа сәттілік!», - деп, шәкірттеріне жылы лебізін білдірді. Содан кейін салтанатты шара мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары түлектерді мемлекеттік емтиханға жіберу туралы бұйрықты оқуы мен қонақтардың да түлектерге сәт сапар тілеуімен жалғасты.

Осы бір қуанышты сәтке оқушылардың алғашқы ұстаздары және 9 бен 11-сынып жетекшілері Ольга Нәбиқызы мен Гүлжахан Жексенбайқызы ішкі толқыныстарымен бөліссе, оқушылар өз кезегінде білім нәрімен сусындатқан мұғалімдеріне  алғыстарын жаудырды.

Ал соңғы қоңырау соғудың құрметі 11-сынып оқушысы Тілеухан Тілеужанов пен 1-сынып оқушысы Назерке Жеңісқызына тапсырылды. Көгершін ұшыру дәстүрі де ұмыт қалған жоқ.

f4cde185-1e5c-42bf-a0b2-b088b9f19b71

Аяулы мектебімен қоштасқалы тұрған ұландардың бірі Әлішер Жексембаев. Оның айтуынша, алға қойған негізгі мақсаты жоғарғы оқу орнына түсіп, өзі қалаған мамандықтың иесі атану. «Көзді ашып-жұмғанша 11 жыл да өте шығыпты. Соңғы оқу жылының көбін онлайн форматында өткізгесін, мектепті қимай тұрғанымыз рас. Дегенмен, алда талай қызықтар күтіп тұрғанынан сенімім мол. Барлық қатарластарымды бүгінгі ерекше күндерімен құттықтаймын», - дейді жас түлек.

Салтанатты шараның негізгі бөлігі аяқталғаннан кейін 11-сынып оқушылары мектеп қабырғасында сынып сағатын өткізді. Ол жерде түлектердің өткен шақтағы естеліктерінен құрастырылған бейнеролик көрсетіліп, жырдан шашу шашылды. Алғашқы ұстаздарынан бастап мектеп директорына дейін құрметке бөленіп, ата-аналар өз кезегінде сынып жетекшісіне ризашылықтарын жеткізді.

3cc5d469-e149-4156-9aa9-271970456147

Оқушыларды енді үлкен өмірден бұрын мемлекеттік емтихан мен ұлттық бірыңғай тестілеу күтеді.

                                                                                                                                        А.Есжан 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT