Бәйгетөбе мектебі оныншы түлектерін самғатты (+ВИДЕО)

(0 Votes)

Карантин дедік, онлайн дедік, офлайн дедік үй мен мектептің арасында шапқылап жүріп  мамырдың жиырма бесінші жұлдызына  да  жетіппіз. Карантин талабы сәл жеңілдетілгендіктен біз бет түзеген Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінің ауласы былтырғыдай  тым тырыс қалмады. Алтын ұясының алдында албырт көңілімен сап түзеген түлектер күміс қоңыраудың сыңғырын соңғы рет естігелі тұр. Бас санитардың мейіріміне іліккен тек түлектер ғана емес. Сондай-ақ төртінші және тоғызыншы сыныптар мен әр жанұядан бір ата-ана аталмыш шараға қатысуға мүмкіндік алды.

" Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешені оқу жылын  248 оқушымен бастап, жыл соңында 245 оқушымен аяқтады. Оның 58-і озат оқушы болса, 80 оқушы екпінділердің қатарынан табылды. 9-шы сынып бітіргендердің саны 23, оның төртеуі үздік аттестатқа үміткер. Ал, алтын ұясынан биыл 15 шәкірт ұшқалы тұр, оның біреуі алтын белгіге, екеуі үздік аттестатқа үміткер. Бұлар біздің мектебіміздің оныншы түлектері.  Жалпы білім сапасы 2019-2020 оқу жылы 61,2 пайызды құраса, 2020-2021 оқу жылы 62,2 пайызға жетті,  яғни бір пайызға өсім бар",-дейді мектеп директоры Б.Тиышбаева.

img_0073

Ұжымның жеткен жетістіктері де аз емес. Әсіресе әлі сиясы кеуіп үлгермеген, кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында онлайн форматта өткен  "Қазақстан балалары шексіз әлемде" республикалық балалар мен жасөспірімдер кинофестивалінен топ жарған Жадыра Жетібайдың жетістігін ауыз толтырып айтуға болады.

img_0103

Ақ жол тілеп келген округ әкімі Қ.Төлеуов алаңсыз балалық шағын артқа тастаған түлектерге жүрек жарды лебізін жеткізіп, алақандай ауылдың атын алты алашқа танытатын алып тұлғаға айналуға тілектестік білдірді.  Сәлден соң білім кілті табысталып, түлектер әсем әуеннің ырғағына тербелді. Жиылған жұртшылықтың жүрегін тебірентіп аспанға ақ көгершіндерді қалықтатты.  Өмір айдынына қанат қаққан аға-апаларына бастауыш сыныптың бүлдіршіндері жырдан шашу шашты.

img_0123

Сөйтіп, "Бәрі – сын, араласың өмір ауылың,
Бәрі - шын, қоштасарда қоңырау мұң.
Мәнісін ұғасыңдар өткен күннің,
Дауысын естігінде қоңыраудың",-деген өлең жолдары естіліп, соңғы қоңырау соғу рәсімі 1 сыныптың үздік оқушысы аудандық «Абай әлемінде» мәнерлеп оқу байқауының 1 орын иегері - Қараман Інжу мен мектептің үздік түлегі, Облыстық ғылыми жобалардың 2 орын иегері - Оңайбаев Нариманға беріледі. Күміс қоңыраудың соңғы сыңғырын естіп, көздеріне жас іркілген түлектерді алтын ұялары да қимай шығарып салғандай.

 

 

А.САДЫКОВ 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT