Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті коронавирустық инфекциядан вакцинациялау науқанына қатысуда, деп хабарлайды ATPress.kz
Бұл ақпаратты университеттің сыртқы коммуникация және PR орталығы таратты.
«Профессорлық-оқытушылар құрамына, студент-магистранттарға және қызметкерлерге екпе алудың маңызы туралы ақпараттық-түсініктеме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Университеттің әлеуметтік желілердегі парақшаларында, ресми сайтында екпе алған студенттер мен оқушылар құрамына қарастырылған мүмкіндіктер мен жеңілдіктер туралы жариялануда», делінген таратылған ақпаратта.
- Екпе алған қызметкерлер мен студенттерді ынталандыру мақсатында арнайы шаралар жоспарланып отыр. Атап айтсақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Түркістан қаласына 20 студент пен 10 қызметкер саяхатқа жіберіледі. Кәсіподақтан шипажайға екі адамға жолдама беріледі. 2021-2022 оқу жылында екпе алған студенттер арасында шәкіртақы тағайындалып, ЖОО символикасы бейнеленген өнімдерге ұтыс ойыны өткізілмек. Сондай-ақ, шет тілін үйрену курстарына тегін қатысатын мүмкіндік пен студенттер үйіне орналасуға 50% жеңілдік беріледі, – деді орталық қызметкерлері.
Сонымен қатар, вакцина алған студентке мұнай-газ компанияларында өндірістік тәжірибеден өтуге, қонақ дәрісі мен түрлі тақырыптағы қызықты тренингтерге, «Болашақ» бағдарламасы түлектері өткізетін шеберлік сыныптарына, мәдени-көпшілік, спорттық шараларға қатысуға және академиялық алмасу, ұтқырлық бағдарламалары бойынша шетелге оқуға баруға мүмкіндік беріліп, республикалық, халықаралық байқауларға қатысуға қолдау көрсетілмек.