2024 жылғы 3 желтоқсандағы «Ауыл мектептерін дамыту» Қазақстан Республикасы Үкіметі отырысының №40 хаттамасы бойынша 2025 жылдың соңына дейінгі мерзімде Ақтөбе облысының тәжірибесі бойынша кемінде 200 тірек мектепті қамтитын желіні құру және 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде ауыл балаларына арналған үйірмелер мен секциялардың әралуан түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін мектептен тыс ұйымдардың комьюнити-орталықтарын немесе филиалдарын ашу жөніндегі жұмысты аяқтау туралы берілген тапсырмаларды жүзеге асыруда Атырау облысы бойынша жұмыстар атқарылуда.
Аталған шараларды жүзеге асыруда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Қазақстан Республикасында ауыл мектептерін дамытудың «Ауыл мектебі-сапа алаңы» тұжырымдамалық тәсілдерін бекіту туралы 31.01.2025 жылдың №21 бұйрығына сай Атырау облысы төмендегідей жұмыстарды ұйымдастыруда.
«Ауыл мектебі-сапа алаңы» тұжырымдамасының мақсаты ауылдық жерде тұратын әрбір баланың заманау талаптарға сәйкес жан-жақты дамуы мен әлеуметтенуіне ықпал ететін сапалы білім берумен қамтамасыз ету болып табылады.
Аталған тұжырымдамада ауылдық ШЖМ–ті дамытудың бірнеше тәсілдерін жүзеге асыру көзделген. Атап айтсақ, ШЖМ оңтайландыру және тірек мектептерінің бөлімшелерін құру, «Ауыл мектебі-сапа алаңы» республикалық шағын жинақталған мектептердің әлеуетін арттыру бойынша жобаны масштабтау, мәдени-ағарту кешендерін трансформациялау (комьюнити-орталықтар) бағыттар берілген.
Аталған бағыттар бойынша облыста бірнеше бағыттарды жүзеге асыру жоспарланды.
Облыста ауылдық жерде орналасқан ШЖМ саны-29 (оқушы саны-2173), ондағы бастауыш мектептер саны -10.
«Ауыл мектебі – сапа алаңы», «Тірек мектебі – ШЖМ» республикалық жобасын масштабтау бойынша: 2024-2025 оқу жылында 3 тірек мектебі мен 9 шағын жинақты мектептерде, 2025-2026 оқу жылында 3 тірек мектебі мен 10 шағын жинақты мектептерде қашықтан білім берілетін болады.
Бүгінгі күні Индер, Иасатай, Махамбет аудандарына қарасты тірек мектептері болып табылатын Махамбет атындағы орта мектебінде, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебінде және Қосарал орта мектебіне бекітілген 9 ШЖМ- де қашықтықтан 30-ға жуық тәжірибелі, үздік ұстаздардың 5 пән бойынша сабақтар беру жүзеге асырылуда.
2025-2026 оқу жылында Құрманғазы ауданындағы 3- тірек мектептеріне бекітілген 9 ШЖМ-ге қашықтықтан сабақ жүргізілетін болады.
Аталған жұмыстар ауылдың шалғай аудандарында орналасқан ШЖМ-дегі білім сапасын арттыруға, МЖМБС-ға сәйкес білім, білік және дағды деңгейін қалыптастыруға, кадр жетіспейтіндігі мәселесін шешуге оң әсерін береді деп күтілуде.
Ауылдық жерде орналасқан 10 бастауыш мектептердегі мәдени-ағарту кешендерін трансформациялауда (комьюнити-орталықтар) және бөлімшелер ретінде қалыптастыруда бастауыш мектептерге бекітілген тірек мектептеріндегі мәдени-ағарту шаралары: ауыл балаларына арналған үйірмелер мен секциялардың әралуан түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жүзеге асырылатын болады. Бұл жұмыстар өз кезегінде ауылдық жерлердегі мектеп түлектерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру, қолайлы өмір сүру қасиеттерін дамыту, коммуникативтік мәдениетті және кәсіби бағдарланған тұлғаны дамытуға ықпалы зор болады деп күтіледі.
Д.Стамғали- Атырау облысы білім беру Басқармасының Мектепке дейінгі, жалпы орта, білім беру сапасын талдау бөлімінің бас маманы