8-12 ақпан аралығында Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ аудандық кезеңі өтті. Білім додасына аудан мектептерінің жоғары сынып оқушыларынан барлығы 209 оқушы сұраныс беріп, 194 оқушы қатысты.
Пәндік олимпиаданың ашылу салтанатында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айбол Долдашев оқушыларға сәттілік тілеп, олимпиаданың жеңімпаздары ертеңгі күні облыс көлемінде ауданымыздың абыройын асқақтатуға үлес қосатындарын ерекше атап өтті. Ал, оқушылар үздіктер қатарынан көріну үшін бар күштерін салатынын айтты.
Төрт күнге созылған олимпиада жұмысы арнайы тексеріліп, оқушылардың алған ұпайына қарай орындар берілді.
Нәтижесінде І дәрежелі дипломмен – 17 оқушы, ІІ дәрежелі дипломмен – 28 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломмен 30 оқушы марапатталып, 36 оқушы алғыс хатқа ие болды. Бірінші орын алған 17 оқушы республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңіне жолдама алды.
Жалпы командалық есепте Х.Санбаев атындағы орта мектебі ІІІ орын, М.Баймұханов атындағы орта мектебі ІІ орын, Б.Қанатбаев атындағы орта мектебі І орын иеленіп, топ жарды.
Олимпиада өткізу барысында барлық санитарлық талаптар сақталып, кабинеттерде төрт күн бойы дизенфекциялық тазалау жұмыстары жүргізілді.
М.СЕРІКҚЫЗЫ