Мыңнан аса оқушы ІІІ тоқсанды оффлайын бастады

(0 Votes)

Оқушылар үшін тағы бір жауапты әрі ең ұзақ ІІІ тоқсан басталды.

Былтырғы жыл білім саласында ерекше кезең болды. Пандемияға байланысты білім жүйесі онлайн форматқа ауысты. Балалар, ұстаздар мен ата-аналар үшін жаңа жоба әзірленіп, қашықтан оқыту жүйесі қолданысқа енді. Жаңа режимде жұмыс істеу педагогтер үшін де, жаңашылдыққа үйрену оқушылар үшін де оңай болмады. Бір сөзбен айтқанда, білім беру саласы бұрын-соңды болмаған сындарлы кезеңнен өтіп келеді. Бұл, әрине, ұстаз, оқушы, ата-ана арасындағы жауапкершілікті ширата түсуге үндейтіні сөзсіз. Десе де, бірте-бірте дәстүрлі форматқа көшуге жұмыстар жүргізілуде.

Ақпан айы оқушылар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Атырау облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылы 21 қаңтарда шыққан №1 Қаулысына толықтырулар мен өзгерістер еңгізу туралы 30 қаңтарда №2 Қаулы шыққан болатын. Бұл қаулы бойынша жаңа тоқсандағы жаңашылдық 5, 9, 11 сынып оқушыларына мектепке барып оқуға рұқсат етілді. 1 ақпаннан бастап аудан бойынша 8 жалпы білім беретін орта мектепте 1205 оқушы білім ұяларына оралды. 

Яғни, 5-сынып бойынша ата-аналардың өтінішімен 419 оқушы кезекші сыныпқа барса, 199 оқушы онлайн білім алуда. Сонымен қатар, 9-сыныпта 547 оқушы және 11 сыныпта 239 оқушы кезекші сыныпта білім алса, 20 оқушы қашықтан білім алуды қалаған. Ал, аралас форматта оқушыларға сабақ жүргізуге 326 мұғалім жұмысқа кіріскен.

Оффлайн өтетін сабақ кестесіне орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы пәндері кіреді.  Қалған 30 пайызы, яғни информатика, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі, алғашқы әскери технологиялық дайындық пәндері қашықтан оқытылады. Сабақ ұзақтығы - 40 минут.

Індетке байланысты мектептерде қауіпсіздік шарасы қатаң қадағалануда. Әр мектептің кіре берісіне дезинфекциялық туннель орналастырылған. Табалдырықтан аттаған оқушы алдымен осы жабдықтан өтіп, кейін дене қызуы өлшенеді. Әрі қарай қолын арнайы сұйықтықпен (антисептик) шаяды. Дәліздерде оқушылардың әлеуметтік арақашықтығын сақтау үшін арнайы белгілер қойылған. Сыныпта бір партада 1 оқушыдан отырады. Олардың арасында 1 метр ара қашықтық сақталған.

Айта кетейік, оқушы күніне 3 сағат уақытын мектепте өткізеді десек, осы аралықта маска тағып жүру, оны сағат сайын ауыстыру жүзеге асырылады.

«Санитарлық талаптардың орындалуы бірінші орында тұр. Оқушылар мектепке келер алдында сыныптар желдетіліп, тазартылады. Үзіліс уақыттарында ылғалды тазарту жұмыстары жүргізіледі. Оқушылар тарағаннан кейін сыныптарға міндетті түрде дезинфекция жасалып тазаланады. Сондай-ақ, мектептерде мерзім сайын толық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп тұратын болады»,- дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айбол Долдашев.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет: ашық дереккөз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT