Үкіметтің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында ҚР Үкіметінің білім және денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша бір жыл ішінде атқарған жұмысына шолу жасады.
1 қыркүйектен бастап Қазақстанда ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы көлемі: бакалавриат студенттеріне – 20%-ға, магистратура мен докторантурада оқитындарға – 15%-ға, ТжКБ студенттеріне – 50%-ға артты.
Жалпы, 2025 жылға қарай студенттер шәкіртақысының мөлшері 2020 жылғы деңгейден кезең-кезеңмен 2 есеге өседі.
ЖОО-лар мен колледждердің жатақханаларында орын тапшылығы бір жыл ішінде 3 есеге жуық, 2022 жылғы 62,8 мың төсек-орыннан биылғы қазан айында 23,9 мыңға дейін қысқарды.
2023 жылы 10,9 мың орындық 44 жатақхананы іске қосу жоспарланған, оның ішінде 25 жатақхана пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін тағы 19 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
1 қыркүйектен бастап республикадағы барлық 1-4 сынып оқушылары үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. 1,4 млн бала қамтылды. Жергілікті бюджеттен 25 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының 5-11 сыныптарда оқитын 200 мыңнан астам оқушысы тамақтанады.
Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында аталған санаттағы 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді.
Азаматтардың жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің қосымша тетігі болатын «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын өз бетінше сатып алу үшін әр балаға кемінде 40 мың теңге алды.
Барлығы 463 мың бала қамтылып, 19 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. 2026 жылға дейін 740 мың орындық 369 жаңа форматтағы мектеп салынады.
Жалпы, ғылымның 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады.
Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді.
Бүгінгі таңда жоба шеңберінде 13 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісінің құрылысы аяқталды.
Тағы 86 объектінің құрылысы жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында 4 көпсалалы орталық аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.