Өткен бейсенбіде №54 балабақшада "Отбасы - алтын діңгек" атты отбасылық сайыс өтті. Ата-ана мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты күшейту мақсатында өткен сайысқа әр топтағы бүлдіршіндердің ата-аналары атсалысты. Бала тәрбиесіне ата-аналардың белсенділігін қалыптастыруды көздеген бұл шара : таныстыру, жорға, өнер сайысы сияқты жеті бөлімнен тұрды.
Сайысшылар сондай-ақ, қонақ күту әдебі, сөздің көркі - мақал сынды қазақи болмысты қалыптастыратын бөлімдер бойынша да бақ сынасты.
Поэзия минуттарында жақұт жырларға кезек беріліп, Мұратовтар әулеті мен Бекжановтар әулеті Абайдың өлеңдерін оқыса, Бекбаулиевтер шараны Фаризаның "Мен сені ұнатамын" өлеңімен өрнектеді.
Додада қазақ ақындарынан бөлек А.Пушкиннің шығармасы да Жайсановтар әулетінен көрініс тапты. Жарыс жолы «бала тілі – бал» кезеңімен қорытындыланды. Олардың бала қиялына қанат бітіріп, бірін "президент", бірін "банкир" қылып сөйлеткен ұйымдастырушылар "прокурор" мен "аудан әкімін" де ұмыт қалдырмады.
Қызыққа толы сайысқа мұрындық болып, жоғары деңгейде ұйымдастыра білген тәрбиеші Зарифа Төлепқызына ата-аналар алғысын білдіріп, шараны балабақша психологі Күлпаш Әділбекқызы "Жүректен-жүрекке" тренингімен аяқтады.
Өз тілшіміз