«BILIM ORKENIETI» ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған халықаралық байқауда тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үздік 100 мұғалімі анықталған еді.
Екі кезең бойынша өткен сайыстың қорытындысы бойынша "ТМД-ның үздік педагогы-2022" атағын Х.Санбаев атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Аяжан Өтепқалиева жеңіп алды.
Бұл байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен педагог-ұстаздар бақ сынады. Байқаудың алғашқы кезеңінде ұстаздар өздерінің жетістіктері туралы электронды портфолио дайындаса, екінші кезеңде тест тапсырды. Екі кезеңнен үздік деп танылған педагогтер 19 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты шарада марапатқа бөленді.
«Біз оқушыларымыз бен өзіміздің жеткен жетістіктеріміз туралы портфолио дайындауымыз керек еді. Менің білім саласындағы еңбек өтілім аз болса да, жетістіктерім көп болды, сондықтан мен осы шараға қатысуға бел будым. Болашақ ұрпақ тәрбиесі мен білім саласын дамытуға үлес қосып жүрген жүздеген мұғалім бақ таласып, үздіктер жүлдеге ие болды. Бұл мұғалімдердің еңбегін бағалайтын марапат. Жалпы «Алты алаштың басы қосылса, төр ұстаздікі» деген жақсы сөз бар. Осындай төрден орын алып, үздіктердің үздігі, ТМД елдерінің үздік педагогі атанғаныма өте қуаныштымын. Бұл әрі қарата жұмыс жасауға үлкен шабыт сыйлайды», - дейді Аяжан Әнуарбекқызы.
Иә, Аяжанның еңбекке араласқанына небәрі төрт жыл уақыт болды. Осы жылдар аралығындағы ізденісі мен қажырлы еңбегінін бүгінгі марапатымен дәлелдеді. Сондай-ақ, ол аудандық балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубында дене шынықтыру әдіскері болып қызмет етеді.
Бұндай байқауларда ауыл мектебі ұстаздарының еңбегі еленгені оқу сапасын арттырып, кәсіби дамуға ықпал ететіні сөзсіз.
М.ІЗТҰРҒАНОВА