Атырау облысында жазғы лагерьлер балаларды қабылдауға дайындалып жатыр.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың мәліметінше, 163 мектеп жанынан лагерь ашылады. Бұған қоса 3 демалыс лагерінде балалардың жазғы демалысы ұйымдастырылады. Қазір Атырау қаласы маңындағы Талғайран ауылында орналасқан сауықтыру орнында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарын маусым айына дейін толығымен аяқтау көзделіп отыр. Дәл осындай жұмыстар Махамбет пен Индер аудандарындағы лагерльлерде де жүргізілуде.
«Өткен оқу жылында пандемияға байланысты балалардың жазғы демалысын толық ұйымдастыра алмадық. Сол себептен биыл балаларды көбірек қабылдауды жоспарлап отырмыз. Әрине, бірінші кезекте лагерьлерге аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балалары жіберіледі. Қазір білім басқармасы өтініш қабылдауды бастады. Ата-аналардан өтініш Egov порталы арқылы қабылданады. Тізім кейінірек жарияланады», - дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова.
Оның айтуынша, облыста оқушылардың жазғы демалысы мектептерде де ұйымдастырылады. Мектептер маусым айының басында оқушылардың алғашқы легін қабылдайды. Әр лагерьге кемінде 50 баланы қабылдау жоспарланған.