Атыраулық оқушылар «Ақылды үй» мен зияткер робот жасады

(0 Votes)

Арсен Аманжолов пен Бекарыс Ерікұлы — Атырау қаласы мен Жылыой ауданында жүзеге асырылып жатқан «JasUp Академиясы» IT-жобасының қатысушылары.

10-сынып оқушысы Арсен Аманжолов SICI атты құрылғыны жасап шығарды. Бұл — үйді толық басқару орталығына айнала алатын инновациялық құрылғы. Құрылғы Wi-Fi арқылы интернетке қосылып, LCD-экранда нақты уақыт пен ауа райын көрсетеді және мәліметтерді автоматты түрде жаңартып отырады. 

Егер бөлмеде ауа температурасы көтерілсе — желдеткіш автоматты түрде қосылады. Бұл үйдің жайлылығын арттырып, электр энергиясын үнемдеуге көмектеседі.
Болашақта дауыстық басқару, түрлі сенсорлар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу жоспарланған.

— Жақын арада құрылғыға инфрақызыл таратқыш қосуды ойлап отырмын. Сол арқылы теледидар, кондиционер, жарық және ИК-пульт не Яндекс Алисамен басқарылатын басқа да құрылғыларды қашықтан басқаруға болады, — дейді Арсен.
Ал IT-мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Бекарыс Ерікұлы қашықтан оқуға көмектесетін зияткерлік робот жасап шығарды.

Робот қозғалысты басқару үшін смартфонға Bluetooth арқылы қосылады, ал бейнебайланыс Wi-Fi арқылы планшетпен жүзеге асады. Бұл мұғалім мен оқушыға нақты уақытта байланыста болуға мүмкіндік береді.

— Біздің робот оқуды жеңілдетіп, тиімдірек етеді, — дейді Бекарыс.
Жобаны 1 қыркүйекте іске қосу жоспарланып отыр. Ол тек білім беру саласында ғана емес, медицинада және қызмет көрсету секторында да қолданылатын болады. Қазіргі уақытта жобаның 80%-ы дайын, ал құрылғының қызмет ету мерзімі 5–10 жылды құрайды.

«JasUp Академиясы» — «Теңізшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының серіктесі. 2020 жылдан бері академия Атырау облысы жастарының IT-бағытта дамуына қолдау көрсетіп келеді. TШO-мен серіктестік арқасында биыл академия студенттер санын көбейтіп, веб-дамыту және мобильді қосымшалар жасау бойынша жаңа курстар қосты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT