Атырау облыстық ұлттық гимназиясында өңірдің әр түкпірінен келген жас өнертапқыштарды біріктірген "KazRoboSport-2025" облыстық робототехника турнирі өтті. Бұл турнир Атырау облысындағы оқушылар арасында STEAM бағыттары мен робототехниканы танымал етудегі маңызды оқиғаға айналды.
Іс-шараның мақсаты — балалар мен жастардың техникалық шығармашылығын, жобалық қызметін және STEAM саласындағы негізгі дағдыларын дамыту, әсіресе спорттық робототехникаға ерекше назар аудару.
Турнир ұйымдастырушылары — Атырау облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығы, Атырау облыстық ұлттық гимназиясы және ТШО (Теңізшевройл) компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан JasUp жобасы.
*Турнирдің негізгі міндеттері:*
* Қатысушылардың спорттық робототехника саласындағы дағдыларын игеруі;
* Жобаларды таныстыру және қорғау қабілеттерін дамыту;
* Өңір мұғалімдері мен оқушылары арасында тәжірибе алмасу.
Байқау - робо-сумо 25х25 (9–15 жас), сызық бойымен жарыс (9–15 жас) және кегельринг-квадро (12–17 жас) санаттары бойынша өткен.
– Турнирге Атырау қаласынан және облыс аудандарынан келген мектеп оқушылары қатысты. Бұл турнир дарынды балаларды анықтауға және өңір мектептері арасында тәжірибе алмасуға таптырмас алаң болды. Қазірдің өзінде қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін атап өтуге болады, әсіресе «Сызық бойымен жарыс» және «Робо-сумо 25×25» санаттарында жүлделі орындар үшін күрес өте тартысты әрі қызықты өтті, – деді JasUp жобасының жетекшісі Асқар Алдан.