Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Мақат аудандық мәслихатының жетінші шақырылымындағы алғашқы ұйымдастыру сессиясы өтті.
Алқалы жиынды ашып, жүргізген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Рахман Мақсотов алдымен сайлау қорытындысы туралы баяндама жасады.
Тыңдалымнан соң аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымының 12 депутатына салтанатты түрде депутаттық куәлік пен төсбелгі табыс етілді.
Аудандық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясынан 10, Қазақстанның «Ақ Жол» демократиялық партиясынан 1, «Қазақстан халық партиясы» саяси партиясынан 1 депутат сайланды.
Сондай-ақ, жиында аудан әкімі өкілеттігін аяқтаған алтыншы шақырылған аудандық мәслихат депутаттарына алғысын білдірді. «Төрт жыл бұрын аудан халқының сенімімен депутат болып сайланып, елдің игілігі үшін қызмет атқардыңыздар. Жергілікті атқарушы органмен бірлесе аудан халқының кейінде жүрген сауалдар мен мұң-мұқтаждарын тыңдап, соларды шешу бойынша атқарған еңбектеріңіз зор. Елімізде орын алған пандемия кезінде де депутаттар қол қусырып қалған жоқ. Өз көмектеріңізді көрсетіп, қол ұштарыңызды создыңыздар. Осы депутат болған мерзім ішінде атқарған еңбектеріңізге ризашылығымды білдіре отырып, алдағы уақытта да ауданның қоғамдық өмірінен қол үзбей, бірлесе жұмыс атқаратынымызға сенімім мол»,- дей келе Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Мәулен Әшімбаевтың «Алғыс хаты» Әсима Мендалиеваға және өз атынан алғыс хатты он бір мерзімі аяқталған халық қалауларына табыс етті.
Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін жиын аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымындағы І ұйымдастыру сессиясымен жалғасты.
Алғашқы сессия төрағасы болып Гүлзада Саликова сайланып, күн тәртібіндегі төрт мәселені таныстырып өтті. Оның ішінде Мақат аудандық мәслихатының хатшысын сайлау, мәслихаттың тұрақты комиссиясын құру, келер сессияның төрағасын сайлау секілді мәселелер қаралды. Аудандық мәслихаттың хатшысы лауазымына депутат Қуаныш Исмагуловтың кандидатурасы ұсынылып, ұсыныс бірауыздан мақұлданды.
«Экономика мен бюджет, өнеркәсіп, кәсіпкерлікті дамыту, заңдылықты сақтау» жөніндегі тұрақты комиссия құрамына 3 депутат, «Халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жастар саясаты, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс» жөніндегі тұрақты комиссия құрамына 4 депутат, «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылғы, құрылыс, байланыс, көлік, экология және ауыл шаруашылығы» жөніндегі тұрақты коммисия құрамына 4 депутат бекітілді.
Қаралған мәселелер бойынша депутаттардың мақұлдауымен шешімдер қабылданып, келесі ІІ сессиясының төрағасы болып депутат Серік Әбдиев сайланды.
Мәслихаттың депутаттық корпусын толықтыруға квотаға сәйкес жастар мен әйелдерге мүмкіндік берілді.
«Сайлау науқанында «Nur Otan» партиясы айқын басымдық көрсеткені белгілі. Бүгінгі күні алғаш рет депутат атанып, жетекші партия атынан аудандық мәслихаттың 7 шақырылымына сайланған жас депутат мандатын иемденіп отырмын. Алдағы уақытта ауданда атқарылатын жұмыстардың бел ортасынан табылып, белсенді түрде жұмыс жасаймын деп сенім білдіремін»,- дейді аудандық мәслихаттың VII шақырылымына сайланған депутат Азамат Дәулетқалиев.
Сессияны аудан әкімі Ш.Кейкінұлы қорытындылады. Аудан басшысы депутаттардың жаңа құрамының алдына қойылып отырған міндеттерді бірігіп атқаруға дайын екенін жеткізді. "Ең басты міндет – аудан тұрғындарының сенімін ақтау, олардың мүдделерін қорғау, өңіріміздің дамуына үлес қосу", - деді ол.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі