Республика күніне орай аудандық Жастар ресурстық орталығы ғимаратында «Қазақстан туған елім, ұлы өлкем» атты аудандық орталық кітапхана және аудандық Жастар ресурстық орталығы мамандары әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Мерекелік шараға ардагерлер мен жастар қатысып, ұлттық мерекенің маңызын жас ұрпаққа жеткізу жолында өз пікірлерімен бөлісті.
Шара шымылдығын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Естай Аманбайұлы алғы сөзбен ашып, бұл күннің тарихи маңызы жөнінде ой қозғады.
Одан әрі, ауданның белсенді жастарының дайындаған концерттік бағдарламасы тамашаланды.
Мектеп оқушылары Аяулым Байса, Айдар Қамбарұлы, Гүлжан Байсымақ, Сәбит Мейілхан, Асма Қуаныш патриоттық тақырыптағы өлеңдерді тебірене оқыса, Бекет Иманқұл «Байтақ елім қазағым» және Камшат Төлеген «Жақсы адамдарым» әндерін шырқады. Айзада Хабиболлаева Құрманғазының «Адай» күйін қобызбен жеткізсе, «Шаттық» би тобы «Хорезм» биін және жеке орындауда Кәусар Көпжасар «Қазақ» биін мың бұрала биледі.
Мерекеге арналған шара соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға Алғыс хат табыс етті.
М.СЕРІКҚЫЗЫ
Сурет: ашық дереккөз