Мақат футзал мектебі облыс, республика деңгейінде аты мәшһүр екендігін жалпақ жұрт жақсы біледі.
Бүгінгі күні жас аяқдоп шеберлеріміз алматылық «Қайрат», рудныйлық «Аят» секілді кәсіпқой клубтың базасында жаттығып жүрген қатарластарын састырып жүрсе, төрт бірдей ойыншымыз «Атырау» футзал клубының сапында өнер көрсетеді. Жылма-жыл өтіп тұратын әуесқой лигалар болашағынан зор үміт күттіретін жастардың өсіп жетілуіне мүмкіндік туғызуда.
Өткен аптаның аяғындағы «Атырау» және «Ақтөбе» футзал клубтарының кездесуінің алдында №1 спорттың жергілікті көрермендері үшін тағы бір жақсы жаңалық орын алды. Мақат футзалының жұлдызы, биылғы маусымдағы «Атырау» футзал клубының белді ойыншысы Жақсылық Амандосов спорт шебері атағына қол жеткізді. Бұл аталған спорт түрінен шыққан ауданымыздағы алғашқы спорт шебері екендігін айта кетейік.
Жақсылық пен оның төрт бірдей командаласына осынау жоғары марапатты Атырау футбол федерациясының президенті Данияр Таханов пен Атырау шағын футзал командасының президенті Нұржан Аханов табыстады.
Биыл орда бұзар отыз жасына келетін жерлесімізге қола мен күмістен кейін ел біріншілігінің жеңімпазы болып танылуын тілейміз.
А.ЕСЖАН