Елорданың 25 жылдық мерейтойына орай аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен “Таза аймақ, таза өмір” атты аудан көлемінде тазалық акциясы ұйымдастырылды.
Акцияға аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Естай Мақсотов және Мақат кенті әкімінің орынбасары Ерлан Нұрған қолдау білдіріп, бір кісідей атсалысты.
Орталық алдына жиылған мекеме қызметкерлері мен “Жасыл ел” жасағының сарбаздарына ризашылығын білдіріп, қоршаған ортаны қорғауға шақырған аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов осындай акцияларды жиі ұйымдастырып, аймақтың тазалығына баса назар аудару керектігін айтты. Сондай-ақ, әрбір аудан тұрғыны қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, оған үлес қосу керектігін жеткізді.
Аталған акцияға қатысқан 200-ге жуық жастар кент көшелері бойынша бірнеше топқа бөлініп, қоғамдық орындарды, саябақтарды және жол жиегін күл-қоқыстан тазартты. Акция аясында 50 қапшық қоқыс жиналды.
Ә.ҚАСЫМ