Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Атырау облысы «қызыл» аймақта тұр. Ауданда да жағдай мәз емес. Қазір қайта дене қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлаған науқастардың қатары көбейіп тұр.
Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде аудандағы вакцинациялау жұмыстарына қатысты жиын өтті. Жиынға аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы төрағалық етіп, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Жиында қауіпті індетті жеңудің бірден-бір жолы – вакцина екенін атап өткен аудан басшысы вакциналау жұмысы бойынша аудан облыста соңғы тізімде екенін атап өтіп, вакциналау жұмыстарының ұйымдастырылуын сынға алды. Айтуынша, екпе жеткілікті болғанымен, жүргізіліп жатқан жұмыс қарқыны баяу.
Жалпы ауданға ақпан айынан бері 1550 екпе жеткізілсе, оның 818-і ғана егілген. Бұл аудандағы 30 770 тұрғынның 5%-ы ғана вакциналанғанын білдіреді. Жалпы, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін аудан халқының 70%-ы екпе қабылдау қажет.
Жиын барысында мамандар вакцина алудың тиімділігін тағы бір мәрте түсіндіріп, жан-жақты талқылады. Мінберге шығып баяндама оқыған аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Рыскүл Лекерқызы короновирустық инфекция туралы баян етіп, оның адам өміріне қаупі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, бұл індеттен қорғанудың бірден бір жолы вакцина екенін де айтып бақты.
«Қазіргі уақытта инфекцияны жұқтыру жағдайында аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – екпе алу. Вакцина – микроорганизмнен немесе олардың тіршілік әрекетінен түзілетін өнімдерден жасалатын препараттар, оларды профилактикалық мақсатта иммундық жүйесін жақсартуға қолданады. Кез келген вакцинаның негізгі бөлігі иммуноген болып табылады. Оның құрамында ауру қоздырғыштың компоненттеріне ұқсас химиялық құрылымдар болады. «Спутник V» вакцинасы- векторлық вакцина, биотехнологиялық жолмен алынған. Мұнда адам үшін патогенді Sars Cov2 вирусы пайдаланылмайды. Мұнда қауіпсіз микроорганизмге протективті белок синтезін бақылайтын ген ендіріледі. Нәтижесінде, белоктың синтезі егілген организмде жүзеге асады. Жалпы, екпе тарихта бірінші рет шығарылып жатқан дүние емес. Вакцина- бұрыннан да денсаулық сақтау саласында қауіпті инфекцияның алдын алу мақсатында жоспарлы түрде салынып келе жатырған профилактикалық шара. Өздеріңіз білетіндей, екпе егу оба, көкжөтел, туберкулез, вирусты гепатит сияқты аурулардың таралуына жол бермей, тоқталуын қамтамасыз еткен. Covid-19-ға қарсы екпе - оны алдын алуға шығарылған қорғаныс құралы. Сондықтан екпеден қорқудың қажеті жоқ»,- деген Р.Тайшекенова ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін тұрғындарды екпемен қорғануға шақырды.
Жалпы өңірдегі ірі өндірістік ошақтары бұл жаппай вакциналау шарасына селсоқ қарап отыр. Мәселен, 800-ден аса қызметкері бар «Доссормұнайгаз» МГӨБ-ында 32 жұмысшы вакциналанған. Ал, аудандық желілік өндірістік басқармасында 140 адам жұмыс жасаса, оның 15-і екпе алуға ниет білдірген. Екпе алу науқанында алдыңғы лектен табылған аудан басшысы Шәкір Кейкінұлы келтірілген көрсеткішке көңілі көншімейтінін жеткізіп, әлі де бейқам жүрген бірнеше ұжымды тартынып қалмауға үндеді.
Өз кезегінде екпе алу азаматтардың өздері мен айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін тұрғындарға дұрыс түсіндірілуі тиіс екенін айтты.
Жалпы, былтыр 2020 жылы 328 тұрғын індет жұқтырып, ем алса, 19 адам осы аурудың асқыну салдарынан көз жұмды. Осы жылы індетпен күрескен 73 адам тіркелсе, 2 науқас ауыр халде облыс орталығына жеткізілген. Жалпы соңғы көрсеткіш бойынша бір күнде 4 науқас тіркеліп, оның үшеуі Доссор кентінің тұрғындары болып отыр.
Бүгінде індетті ауыздықтаудың бірден бір жолы вакцина болып отыр. Бұл науқанда мақаттықтар көштің соңында қалып, облыс бойынша аудан тұрғындарының вакциналанған үлесі 2,5 пайызды құрап отыр.
Жиын соңында аудан басшысы кездесудің нәтижесін күтетінін және вакциналау жұмыстары тікелей өз бақылауында екенін жеткізді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі