Аудан орталығында жаңа форматтағы халыққа қызмет көрсету орталығының ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Азамат Мәмбетов бұл орталық – мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтатын, азаматтарға сапалы әрі қолжетімді мемлекеттік қызметтер ұсынатын маңызды нысан екендігін жеткізді.
Құттықтаулар легін жалғаған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының басшысы Руслан Жарқынбекұлы жаңа ғимарат заман талабына сай, жайлы қызмет көрсететіндігін айтты.
Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Жоламанов жаңа орталықтың ашылуы – аудан тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік екенін, оның халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге, жедел әрі сапалы қызмет алуға сеп болатынын атап өтті.
Әрі қарай салтанатты түрде лента қиылып, келген қонақтар жаңа орталықты аралап көріп, көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты.
Айта кетейік, жаңа ғимаратта қызмет алушылар үшін кең де жарық күту залдары, электронды кезек жүйесі, цифрлық бағыттағы қызмет көрсету аймақтары қарастырылған.
Ә.ҚАСЫМ
Суретті түсірген: Б.СЕРІК