Жуырда Мақат ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында табиғатты аялау, туған жерге жанашырлық таныту, санитарлық тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыру.
Акцияға ауданға қарасты барлық мекемелер мен ұйымдар, мектеп ұжымдары мен жастар белсене қатысып, аумақты абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Сенбілікке шыққан жұртшылық көшелерді қоқыстан тазалап қана қоймай, қоғамдық орындардың сәнін келтіруге де үлес қосты. Әсіресе орталық аймақтар, жаяу жүргіншілер жолдары, саябақтар мен аялдамалар ретке келтіріліп, жиналған қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды.
Тазалық шарасына аудан тұрғындары да үн қосып, үй маңын ретке келтірді. Мұндай іс-шаралар қоғамның экологиялық мәдениетін арттырып қана қоймай, елді мекендердің көркейіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптасуына мүмкіндік береді.
МТ
Мақат ауданы