Қызға қырық үйден тыйым

(0 Votes)

Жарық пен жылу, от пен су жоқ жерде тіршілік те жоқ. Ал осылардың көктегі көзі – күн болса, жердегі көзі-адамзат. Адамдардың бір-біріне мейірімі мен ұлағатты тәрбиесі тіршілікті сақтайды.

Тәрбиесі түзелмей, елдің көсегесі көгермейді, отбасы түзелмей, болашақ түзелмейді. Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі, қыз баланы тәрбиелеу деген сөз-ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Әр елдің өміріндегі шешуші кілт қыздарға берілетін тәлім-тәрбие арқылы өлшенеді.

Осыған орай А.Құнанбаев атындағы орта мектебінде «Озар елдің қызы мінезді келеді» тақырыбында «Қызғалдақ» қыздар кеңесінің жетекшісі, психолог М.Табынаева пікірталас өткізді. Аталған шараға 9-11 сынып оқушы қыздары, аналары, ұстаздары, ата-аналар комитетінің төрайымы Н.Әлденова және аналар ұйымының төрайымы С.Шалауова қатысты. Пікірталастың мақсаты халықтық тәлім-тәрбие негізінде қыз балаға келешекте ата-ана алдында қоғамның, елдің, ұлттың тыныс-тіршілігі барысындағы үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын түсіндіру болды. Шара барысында аналар ұйымының төрайымы С.Шалауова «Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы» баяндамасымен таныстыра отырып, қыз тәрбиесі туралы көптеген кеңестерін арнады. Тәрбиелік мәні бар әңгімелердің мағынасын ашып, жалғастыру арқылы ой бөлісіп, сұрақтарға жауап берілді. «Мінез-жанның айнасы» сергітуіне қатысушылар қызығушылықпен қатысып, көңіл-күйлері көтеріңкі болды. Бейнероликтер арқылы инабатты, биязы мінезді қазақ қыздары мен қазіргі кезде бойынан өрескел мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері байқалатын қазақ қыздары көрсетіліп, қатысушылар өз ойларын ортаға салып, пікірталас туғызды. Мектептің 9-10 сынып қыз балалары Талғат Нұрсауле мен Әбілхайыр Қарагөз «Қазақ қызына арнау», «Қазақ қызы» атты өздері жазған өлеңдерін көпшілікке оқып беріп, ерекше әсер қалдырды. Пікірталас соңында «Қызға қырық үйден тыйым» бөлімі бойынша тыйым сөздер, түйін сөздер мен Наурыз мерекесіне арналған тілектермен қорытындыланды. Кең көлемде өткізілген бұл шарада қазіргі кездегі қыз тәрбиесіне баса назар аудару, отбасындағы жауапкершіліктің жоғары болуы, ата-ананың қызына ерекше мейіріммен қарауы, қыз баланың болашақта сүйікті жар, келін, ана болуына тәрбиелеу туралы көптеген ойлар ортаға салынды. Мұндай тәрбиелік мәні зор шараның берері мол болды.

А.ДӘУЛЕТҚАЛИЕВА,

ата-ана.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521