Апта басында Мақат кентінің тұрғындары белгісіз газдың мүмкіген иісінен тұншығып отырмыз деп шағым білдірген болатын.
Өткен демалыс күндерінен бері аудан әкімдігінің telegram чатында тұрғындар үйлерінен жағымсыз газдың мүмкіген иісі шығатынын айтып дабыл қақты. Олардың айтуынша бұл қолайсыз жағдай ақпанның 6-шы жұлдызынан бастап орын алған. Қолқаны қабатын қолаңса иістен тынысы тарылған кейбірі тұрғындар өз үйінде еркін дем ала алмай, туысқандарының үйін жағалап кеткен. Десе де жұртшылық жағымсыз иістің қайдан пайда болғанынан бейхабар. Сондықтан оның қауіпті екенін болжап, үрейленгеннен әлеуметтік желілерде жергілікті биліктен себебін сұрап жазба қалдыра бастады.
Толассыз түскен тұрғындардың шағымынан кейін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Мақат газ шаруашылығының мамандары газ құрамына одорант қоспасының қосылуына орай жағымсыз иістің пайда болғанын айтып түсінік берді. Шағымданушылардың өтініштерін қарастырған қызмекерлер тұрғындарды мазалаған газдың иісі емес екенін анықтап, есік-терезені ашып, үйлерін желдетіп тұруға кеңес берді.
Сондай-ақ, тұрғындардың шағымы бойынша жедел іске кіріскен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Мақат газ шаруашылығы мекемесі қызметкерлері тұрғындардан түскен шақыртулар бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген болатын. Тексеру нәтижесінде түрғын үйлердің жылыту қазандығынан немесе газ желісінен газ кету оқиғасы (утечка) орын алмаған. «ИнтергазОрталықАзия» АҚ мекемесінің №18 газ тексеру паспортының қорытындысы бойынша газ құрамындағы қоспалар шекті нормада екендігі анықталып отыр.
Аудан тұрғындарының жағымсыз иіс шығуы жөніндегі шағымына байланысты аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы да қол қусырып отырмай жауапты мамандармен жиналыс өткізген болатын. Мәселені жан-жақты талқылағаннан кейін аудан басшысы Мақат желілік өндірістік басқармасының басшысы Манарбек Турсиев, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Мақат газ шаруашылығының директоры Сансызбай Әбділдиев және өзге де жауапты мамандармен бірлесіп, газ исіне шағымданған тұрғындардың үйлеріне арнайы барып, мән-жайды анықтады. Үй-үйді аралау барысында шағымданушылардың дербес жылу қазандықтары жауапты мамандарымен тексеріліп, газ кетуі байқалмаған.
Қазіргі уақытта тұрғындардың шақыртуы бойынша әлі де «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Мақат газ шаруашылығының қызметкерлері тынымсыз жұмыс жүргізуде. Мамандар жағымсыз иіспен тыныстауға мәжбүр болып отырған мақаттықтардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп сендіруде. Сондай-ақ, зардап шеккендер және дәрігердің көмегіне жүгінгендер болмаған.
Аудан әкімі Шәкір Кейкин Мақат кентіне газ беруші «НКОК» компаниясының жауапты басшыларымен байланысып, аталған мәселені толығымен жақын арада шешу қажеттілігі айтылды. Бұл мәселе толық шешімін тапқанша аудан әкімінің басты назарында болмақ.
Бұл күні тұрғын үйлердегі жағымсыз газдың иісі біртіндеп жойылғанымен тұрғындар газдың екпіні азайғанын айтуда.
М.ІЗТҰРҒАНОВА