Елдің ыстық ықыласы мен Елбасына деген құрметтің белгісі ретінде бірнеше жылдан бері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні аталып өтіп жүр.
Апта басы дүйсенбі күні аталмыш мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.
Мерекелік кеш барысында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірбаяны мен саяси еңбек жолына кең көлемді шолу жасалып, кейін аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы құттықтау сөз сөйледі.
«Бұл мереке жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы ретінде Елбасымыздың айрықша еңбегіне құрмет ретінде белгіленді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан басшылығына қиын кезеңде келді. Алайда, Тұңғыш Президентіміз өз кемеңгерлігі мен саяси ерік-жігерінің арқасында қиындықтарды жеңіп, еліміздің еңсесін тіктеді»,-деді аудан басшысы.
Мұнан соң аудан әкімі Ш.Кейкин аудан дамуына адал еңбегімен өз үлесін қосып жүрген бірқатар қызметкерлерді марапаттады.
Марапат биігінен М.Баймұханов атындағы орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Роза Айтекешова, Мақат мұнай айдау цех басшысының орынбасары Дулат Жанасов, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері Ләззат Бексұлтанова, Мақат локомотив пайдалану депосының тепловоз машинисі Серікқали Жүгінісов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің есепшісі Зағайша Қадырова, Мақат «ГазЭнергоЖөндеу» басқармасының токарі Орынбек Хауашев, Мақат балалар жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо аға жаттықтырушысы Ерлан Шынтас, жеке кәсіпкер Гүлдана Хауашева, Доссор кенті әкімі аппаратының бас маманы Ақтоты Әлмұқанова, Мақат аудандық орталық аурухананың мейіргері Амандық Байжігітов, №8 ӨСБ бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Думан Зұлпықаров көрінді.
Сондай-ақ, аудандық «Nur Otan» партиясына жаңадан қабылданған партия мүшелеріне партиялық билеттері табысталды.
Шара соңы Мақат балалар өнер мектебі жанынан құрылған фольклорлық ансамблінің мерекелік концертіне ұласты.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордан