Доссорда 60 отбасыға пәтер табысталды

(0 Votes)

Мұнайлы өлкеде 60 отбасы баспаналы болды. Оларға Доссор кентінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген алпыс пәтерлік тұрғын үй пайлануға берілді. Баспана кілтін табыстау салтанаты сақтық шараларын сақтай отыра ұйымдастырылды.

Алдымен аудан әкімі Шәкір Кейкин құттықтау сөз сөйлеп, пәтер иелеріне құтты қоныс тіледі. «Құрылысы белгіленген уақытында аяқталғанымен елдегі карантиндік жағдайға және біткен нысанды меншік иесіне беру сияқты жұмыстармен қоныстандыру сәл кешеуілдеп қалды. Дегенмен бұл күнді баспанаға мұқтаж жандар қанша күтті дейсіз, осыларды ескеріп шағын көлемде ұйымдастыру ұйғарылды. Бүгінгі күн тұрғындардың арманы орындалған қуанышты күн. Ауданымызда тұрғын үйге мұқтаж алпыс отбасы баспаналы болып жатыр. Оның жартысынан көбі көпбалалы отбасылар. Оның Мемлекет басшысының, облыс әкімінің, көпбалалы аналарға жасап жатқан қолдауы деп түсінуіміз қажет. Ауданымызда тұрғын үй құрылыстары жалғаса бермек. Бүгінгі баспаналы болып жатқан тұрғындарға бұл үй құтты қоныс болсын»,- деді аудан басшысы.

qonys-ui-2

Кейін жаңа пәтердің лентасы қиылып, тұрғындарға кезек-кезегімен кілт табысталды. Екі және үш бөлмелі үйлердің сапасы жоғары деңгейде. Тұрғындар жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Әр пәтерге автономдық жылыту қазандығы орнатылып, балалар үшін ойын алаңдары да салынған. Бұл мұнайлы өлкеде берілген осымен үшінші алпыс пәтерлі тұрғын үй.

qonys-ui

Адуынды індет алқымнан алған шақта құрылысшылар жұмысты тоқтатпай, белгіленген мерзімде құрлысты аяқтап отыр. Десе де бір ескерерлігі бұл баспана жеке меншікке өтпейді. Сатып алу құқығынсыз ұзақ мерзімге жалға беріледі.

qonys-ui-1

Айта кету керек соңғы жылдары ауданда жергілікті тұрғындарды тұрғын үймен қамту мәселесі оң шешімін тауып келеді. Бүгінде Мақат кентінде құрылысы жүріп жатқан екі алпыс пәтерлік тұрғын үй келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек Доссор кентінде бір және Мақат кентінде екі үш қабатты алпыс пәтерлік тұрғын үйдің жобалық сметалық құжаты жасақталған. Қаражат бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Ал, ауданда әлі бес санат бойынша 600-ге жуық тұрғын үй кезегінде тұр.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордан

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT