“Рахымжан Отарбаев Руханият Қоры” республикалық ғылыми-практикалық конференциясы аясында Мақат ауданына іс сапармен келді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы аудан әкімдігі мәлім етті. Алдымен қонақтар Мақат ауданы әкімі Азамат Мәмбетовтің қабылдауында болып, кейіннен “2024 жылдың үздік білім беру мекемесі” Республикалық номинациясын иеленген № 2 бастауыш мектебінде “Өлкетану”, “Абайтану”, “Ұлттық әдебиет”, “Ұлттық тәрбие” кабинеттері, мектеп кітапханасы және бастауыш сынып оқушыларының ұлттық аспаптар ансамблі жұмысымен танысты.
Әрі қарай, аудандық Жастар ресурстық орталығында Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған әдеби кештің қонағы болды. Шараға белгілі ақын-жазушылар, жазушының туыстары мен соңынан ерген қаламгер іні-қарындастары қатысты.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Ш.Айтматов академиясы сыйлығының лауреаты, Республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, “Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Атырау қаласының Құрметті азаматы, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған әдеби кеште “Сұлтан Бейбарыс” драмасынан шағын көріністер қойылып, “Көрген-терген" шығармасынан мектеп оқушылары монологтар оқып, жергілікті айтыскер ақындар арнау жыр орындады.
Сондай-ақ, әдеби кештің құрметті қонақтары қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жөнінде айтып, кеш соңында аудан әкімі Азамат Мәмбетов қорытыныды сөз сөйледі. Аудан әкімі Рахымжан Отарбаевтың қаламынан туған қай шығарма болмасын, тарихи танымға толы екендігін жеткізіп, жазушының мұрасын насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп отырған қаламгердің жары Сәуле Отарбаева алғысын білдірді.
Сәуле МАҒАУ