Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған «Көктем – 2020» оқу-жаттығуы Мақат желілік-өндірістік басқармасы мекемесінің автокөлік тұрақ алаңында ұйымдастырылды.
Республикалық командалық штаб жиындарына барлығы 18 мекеме, 145 қызметкер, 34 әр түрлі техника жұмылдырылды. Онда сап түзеп, аудандық азаматтық қорғау қызметінің жауапты қызметкерлері, сондай-ақ, ауылдың тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындар жиылды.
Шара барысына аппарат басшысы Бекәділ Жайкин қатысып, төтенше жағдай бола қалса, оған жұмылдырылатын салалар мен техниканың дайындығын тексерді. Әр мекеменің басшысы мен қызметкерлері көктемгі дайындықтары бойынша есеп берді. Себебі апат ауқымы үлкен болса, барлық қызметкер дайын болуы шарт. Десе де, ауданда судан келер қауіп жоқ. Алайда, барлық қажетті техника сақадай сай тұрғаны оқу-жаттығу кезінде белгілі болды.
Кейін, тоқтаусыз жауған нөсердің салдарынан «Ынтымақ» ықшам ауданында 70 тұрғын үйді су басу қауіпі бар деген хабарды ести сала құтқарушылар тобы тез жетті. Алдымен қызметкерлер тұрғындарды апаттан құтқарып алды. Тұрғындарды эвакуациялап, М.Баймұханов атындағы орта мектепте орналасқан №4 жиналу-көшіру пунктіне жеткізді. Оларды жатын жабдықтар мен ыстық тамақтармен қамтамасыз ету мүмкіндіктері іс жүзінде көрсетілді.
Бұл күні сондай-ақ, тоқтаусыз жауған жауын салдарынан асфальт бетінің деформациясынан «Ақтөбе-Астрахань» тас жолында УАЗ-4353 автокөлігімен жанар-жағар май таситын жүк көлігінің соқтығысуы орын алды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жанар-жағар май таситын жүк көлігі жанып, жарылу қаупін туғызып, 1 адам қайтыс болып, 3 адам жарақаттанды. Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндірушілер және медицина қызметкерлері жетіп, қандай қауіпке де дайын екендіктерін көрсетті.
Аудандық азаматтық қорғау қызметтері бірлескен түрде оқу-жаттығу тапсырмаларын жоғары деңгейде орындап шықты.
«Көктем - 2020» республикалық командалық штабтық оқу жаттығуы бас-аяғы 1 жарым сағатқа созылды.
Ауданда өткен жылы көктемгі қар көшкіні, су тасқыны орын алған жоқ. Биыл да төніп тұрған қауіп жоқ. Жалпы ауданда басқару органдары, азаматтық қорғау қызметтері және авариялық құтқару бөлімдері көктемгі кезеңде төтенше жағдайларды жою және алдын алу бойынша іс-қимылдарға дайын екендіктерін көрсетті.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі