Өткен аптада атпал азаматтың дүниеден озғанына жыл толуына орай Ержан Серікбаевты еске алуға арналған «Шуағын төгіп айнала» атты еске алу шарасы өтті.
Бағдарлама Доссор және Мақат кенттерінің әкімдері, ауыл ардагерлері мен зиялылары және Ержанның туыстары болып Байбақты ата кесенесіне барудан басталды. Аруақты әулиенің жанында Ержан Жақсылықұлы да жерленген болатын. Бейіт басына барған жамағат марқұмдардың рухына дұға бағыштады. Доссор кенттік ауруханасында жалғасқан шарада кент әкімі Болат Ермековтың алғы сөзінен кейін Ержан Серікбаевтің көзі тірісінде жарық көрген «Перзент» атты кітабын автордың баласы Айтмұхаммед акушер-гинекологтар және жүкті әйелдер мен жаңа босанған аналарға тарту етті.
Замандастарының айтуынша, Ержан Жақсылықұлын қазіргі балалардың телефонға телміріп, ғаламторға тәуелді болып бара жатырғандығы қатты алаңдатқан. Сол үрдіспен күресу мақсатында ол ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастыруды қолға алған. «Өскелең ұрпақ белсенді өмір сүрсінші» деп, оған өзі бастамашы әрі демеуші бола жүрген. Ұлттық ойындардың жанашырын еске алу шарасында асық пен мәлік тебу бойынша аудандық сайыстар неге өткендігі осыдан-ақ түсінікті шығар?! Әсіресе асық ату спорт түрі кейінгі кезде кеңінен дамып жатыр. Оқушылар арасындағы бәсекенің өзі сырт көзге бокс не күрес өтіп жатырғандай әсер қалдырады. Тартысты өткен жарыстардың қорытындысы бойынша асық атудан 1-орынды М.Баймұханов, 2-орынды Х.Санбаев, 3-орынды Б.Қанатбаев мектептері иемденді. Ал жекелей сында өткен мәлік тебу спортында 1-орында Х.Санбаев мектебінен келген Болат Әділет, 2-орынды М.Баймұханов мектебінің атынан қатысқан Ақылбек Ержан, ал 3-орынды С.Шарипов мектеп-интернатының оқушысы Серікбай Нұрсәт алды.
Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығы қарсаңында Мақат ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Доссорым» қоғамдық қорының демеушілігмен «Шуағын төгіп айнала» атты еске алу бағдарламасының нүктесі Доссор мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қойылды. «Еркем-ай» би тобының шымылдық ашар нөмірініен кейін сахна төріне кештің басты қонақтары Ержан Жақсылықұлының аяулы анасы Күміс Кейкішова, жұбайының анасы Кенжекеш Қалтауқызы және әкемнің өзі өлсе де көзі өлмесін әкеге арнап кітап шығарған ардақты ұлы Айтмұхаммед Ержанұлы шақырылды.
Алғашқы сөз кезегін алған осы шараны ұйымдастырушы Доссор кентінің әкімі Болат Амангелдіұлы: «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген сөз үлкен философияслық мағына жатыр. Ержанды мен сіздерге айтпай-ақ өздеріңіз жүректеріңізбен сезініп отырған шығарсыздар. Қазіргідей заманда осындай ұлдар қажет сияқты. Ол азғантай ғұмыр кешсе де үлкен істер атқарып кетті. Көңілімізде ізі қалды. Соның өзі біз үшін қуаныш. Санитарлық талаптарға байланысты шектеулер көп. Дегенмен көзден кеткен жан көңілден кетпесін деп Ержанның жары Алмагүлмен ақылдаса бүгінгі шараны өткізуді бел будық. Демеушілік танытқан марқұмның әулетіне және алыстан ат арытып келгендерге рақмет айтамын. Ержанды біз өлді деуге қимаймыз. Доссор мен Мақаттықтар оны ұмытпайды деп есептеймін. Себебі болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде көрсететін істері көп. Алдағы уақытта бұдан да ірі шаралар болар. Жақсы, жайсаңдарды қастерлеуден тоқтамаймыз. Ауданымыздың әкімі Шәкір Кейкин «Менің атымнан әулетке сәлемдеме жеткізерсіз. Ержан деген азамат өзі менің құрдасым екен. Көптеген жұмыстар жасап кеткендігін жігіттерден естігенмін. Жұмыс бабымен араларыңыздан табыла алмай қап жатырмын» деп сәлем жолдады», - дей келе аудан әкімнің естелік хатын оқып беріп, оны «сәйгүлік өмірде пырағың сүрінбесін» деген тілекпен естелік картинамен қоса әкесінің тұяғы Айтмұхаммедке табыстады.
Көңілі босаған Ержан Жақсылықұлының анасы Күміс Кейкішова мен ағасы Тұрлан Серікбаев барша шараны ұйымдастыруға атсалысқандарға алғыстарын айтты.
Келесі болып сөз кезегі арнайы Атыраудан келген Нұрғиса Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының директоры Долорес Тасқаринаға берілді. «Ержанның көзіндей болып екі қызы және өзіндей болып ұлы отыр. Сондықтан айналайын балам, сен әкеңнің халыққа жасаған жақсылығын жалғастыратын, анаңды биік дәрежеге жеткізетін тұлға боп қалыптасарыңа менің сенімім мол. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Ержанды жақсы деп те, ғалым деп те айтуға болады. Себебі оның көптеген жерлерде ізі қалды. Мен оны әуелден жақсы танитын едім. Бір күні ол біздің мектепке келіп қоңырау үнін қазақтың күйіне алмастыруға байланысты ұсыныс айтты. Оған дейін қалалық мектептерге барғанында қалалық білім бөлімі рұқсат етпеген екен. Біз облыстық мектеп болғасын қуана-қуана келісе кеттім. Күйшілермен кеңесе келе қоңырау ретінде Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін оның атындағы қордан арнайы рұқсат сұрап таңдадық. 2 миллион теңгенің үстінде тұрған компьютерлендірілген қоңырауды орнатып кетті. Сол қоңыраудың киелі үнімен талай оқушы қабырғамыздан шығып, қазіргі таңда республика сахналарындағы өнер майталмандарына айналды. Ержан 20 жылдығымыздың да құрметті қонағы болды. Ол өмірден өтті дегенде төбемізден жәй түскендей болды. Өзі ашып кеткен саябағын көрдік бүгін. Ел ағалары мен ағайындарына Ержанның атын өшірмейік дегім келеді. Ержанның отбасы мен әулетіне басымды иемін. Жатқан жері жәйлі болсын», - деді ол.
Ержан Серікбаевтың досы Рахымжан Тулеугалиев: «Ержан досымызбен ауылдас болып, бір мектепте оқыдық. Кейін ержетіп отбасы құрған соң, жанұялық достар болдық. Ол рухы биік, патриоттық сезімі жоғары, елін, жерін сүйген азамат болды. Жас буынды тәрбиелеуге қандай үлесімді қоссам, қандай көмегімді тигізсем деген оймен жүретін. Тал бесіктен басталатын тәрбиені балалардың бойына сіңдіру үшін, қазақтың салт-дәстүрлерін ұғындыру үшін, біреуі болмаса біреуінің есінде қалар деген ниетпен осы тақырыпта кітап басып шығарды. Айтмұхаммед өмірге келгенде артымнан тұяғым келді, осы болашағым болады деп айтып отыратын. Ержанның ұлдары, қыздары, ауыл азаматтары досымыздың жасаған жұмыстарын жалғастырады деген ойдамыз», - деп естеліктерімен бөлісті.
Мақат кентінің әкім Ербол Ермағамбетов осы шараға Ержан Серікбаевпен аралас-құралас болған жан ретінде қатынасты. Ол өз кезегінде: «Жақсының аты өшпес» деген сөз Ержан ағамызға арналғандай. Ол кісімен бірқатар шаруаларды бірге атқару маған бұйырған екен. Біз 2013-те ұшақта қатар отырып кездейсоқ танысқанбыз. Танысқан бойда Мақат ауданынан екенімді, білім саласында жасайтынымды білгенде «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып кетті. «Осындай-осындай мәселелер бар ғой. Баланың тәрбиесі қалып, материалдық құндылық бірінші орынға шығып бара жатыр» деп уайымымен бөлісті. Ойымыз бен ұсынысымызды айтып, екеуміз ұшақта отырып-ақ ауызша бір жылдық жоспар құрып тастаған шығармыз. Ауқымды деңгейде әкелер конференциясын өткіздік. Ұлттық ойындарды бір жолға салдық. Ержан Серікбаевті еске алуға арналған бүгінгі өтіп жатырған сайыс та дәстүрге айналады деп білім бөлімінің өкілдері айтып жатыр. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов айтқандай, Ержан ағамыздың бойынан ұлтқа деген ерекше жанашырлығын байқайтынмын. Ол әңгімелескенде ұлттың болашағын, елдің ертеңі туралы сөз қозғайтын, арманы асқақ, биікті аңсайтын үлкен жүректі азамат еді. Ағамыздың ғұмыры ұзақ болмаса да, мәнді де бақытты болды деп ойлаймын. Ол кісінің жолын кейінгі буынға үлгі-өнеге ретінде көрсете берейік. Осындай елім дейтін, жерім дейтін ұл туып, тәрбиелеген анамызға алғысымыз шексіз», - деп ой толғады.
Осы орайда сөз бұйырған ауыл ақсақалы Дінғали Дәулетбаев: «Мен Доссорлық ретінде Серікбаевтар әулетін де, нағашы жұрты Кейкішовтер әулетін де жақсы танимын. Ержанның әкесі Жақсылықпен бір мекемеде жұмыстас болдым. Ол өмірден ерте кетті. Күміс қарындасымыздың қиыншылықтарға қарамай екі ұлын өсіп жетілдіруі нағыз ерлік. Ержанды бала күнінен танимыз. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, мұнайшылардың атакүлдігі саналатын Доссорда бірқатар игі іс тындырып кетті. Байбақты атаға арнап салынған «Дулыға» монументінің жанында жаңа үйленген жастар фотоға түсіп жатады. Соның өзі неге тұрады?! Ертеректе мен Доссор ардагерлер кеңесінің төрағасы болып тұрғанымда бірнеше қиын жағдайдағы жанұялардың отбасыларда өлім орын алды. Ол туралы менен естіген Ержан жанұяларға көмек қолын созды. Бір жылы «Жақсылық» спорт кешенінде ойындар ұйымдастырылып телевидение келгенде көргенім, Ержанды соңғы рет көргенім екен. Күміс айналайын артының қайырын берсін! Соңына ерген қараларының қызығын көр. Осы кешке қатынасып отырған барша доссорлықтарға рахмет! Манадан бері ізгі тілектер айтылып жатыр. Жақсылықта кездесейік!», - деді.
Айтмұхаммед Ержанұлының әкесіне арналған естеліктерді жинап «Мен үшін дара туған» атты кітабының тұсауын кесу Долорес Тасқаринаға бұйырды.
Шара әрі қарай ауыл өнерпаздарының өнер көрсетуімен жалғасты. Нұржан Сақуатов жетекшілік ететін «Мөлдір мұнай» халықтық фольклорлық ансамблінің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» және Бауыржан Ақтаевтің «Арнау» күйлерін орындаса, Ақболат Отаубаев әкелерге арналған ән орындады.
Кеш соңына қарай сөйлеймін деушілер сөз алғанда кеш иесінің енесі Кенжекеш Қалтауқызы: «Қыз өсріп отырған барлық аналарға Ержан секілді күйеу тілеймін», - деп көз жасына ерік берсе, ардагер ұстаз Роза Үмбетова жылы лебіздерін қоса кетіп, кітапта суреті көрсетілген аллеяны Ержанның іске аспағаны арманы еді деп айтып өтті.
Кенжекеш Қалтауқызының сұрауы бойынша сөйлеген «Доссорым» қоғамдық қорының есепшісі Айгүл Қабдолова Ержан Серікбаевпен қатар жұмыс жасаған кездері туралы тоқтала кетіп: «Қанша ақша, қанша бензин кетіп жатыр. Табысымыз шығынымызды жаппайды ғой. Саған керек пе соның бәрі деп ұрысатын едім. Сонда Ержан «әңгіме ақшада емес, мен сол елде туып өскөсін, сол елдің абыройын асқақтатып, сол елге көмек етуі міндетім. Қазақ мұнайының қарашаңырағы басқа ауылдардан дараланып тұруы керек» дейтін. Оның арманы тым көп еді. Алмагүлжан ендігісі саған аманат. Үлкен жүк, бірақ сен сол жүкті көтеруің керек. Өйткені сен батыр қызсың, дана қызсың. Ержанның жасаған жақсылықтары балаларының алдынан шықсыншы», - деді.
Әңгімені жалғай кеткен Доссор кентінің әкімі Болат Ермекұлы: «Армандар орындалады дейді ғой. Жаңағы айтылған Ержаннның арманы орындалу үстінде екендігін айтқым келеді. Бүгінгі күні жұмыстары жүріп жатыр. Ержандар айтқан ұсыныстар ақырындап жүзеге асуда. Бізге осындай істеген ісін жария қылмайтын,оны ешкімге міндетсінбейтін, бұрыс кетіп бара жатырсақ өзіңе келіп айтып, сыртыңнан жамандамайтын азаматтар керек. Бірақ мұндай адамдар біздің маңдайымызға сыймайды», - деп бағдарламаны қорытындылады.
Арыстан еді - ау Исатай!
Бұл фәнидің жүзінде.
Арыстан одан кім өткен?! , - деп кешегі Махамбеттер замандасын жоқтағандай, Ержан Жақсылықұлының жасап кеткен сауапты істері ел жадынан шықпақ емес.
А. Есжан