Сан ұрпақтың санасын білім нәрімен сусындатқан алтын ұя-мектептеріміздің қазіргі материалдық жағдайы мемлекет назарынан тыс қалған емес.
Оқу жылы аяқталысымен орта мектептерде жай жөндеу жұмыстары басталып-ақ кетті. Ал, күрделі жөндеу Мақат кентіндегі Латип Шахатов атындағы және Доссор кентіндегі Сабыр Шәріпов атындағы мектеп-интернатында жүргізілуде.
Мақат кентінде орыс сыныбына қабылдауға жалғыз өзі ғана дәрменді болып отырған Л.Шахатов атындағы мектепте жөндеу жұмысы қарқынды жүруде. 2019-2020 жылдардағы күрделі жөндеу жұмыстары үшін облыстық бюджет есебінен 52 001 600 теңге бөлінсе, соның 30 750 000 теңгесі биыл игерілмек.
Жасалатын күрделі жұмыстардың негізі бағыты үшеу: мектеп шатырын жаңарту, ток көздері мен еденді ауыстыру. Бұрынғы интернет қабылдауға күші жетіңкіремейтін электр желілерінің орнына енді су жаңасы орнатылады. Ал, жоғарғы қабаттағы ескі едендерді едентұтастырғымен алмастырмақшы екен. Сірә, салқын тартпайтынына мамандардың көзі анық жетсе керек. Жөндеу жұмыстарын мердігер ретінде танылған "ГАММА-С" ЖШС-і өз атқаруда.
Мектеп директоры Ұлмерек Елубаеваның айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары тамыз аяғының соңына дейін толығымен аяқталады деп жоспарлануда.
А.Садықов,
суреттер автордікі