Шаттық ұялаған шаңырақ

(0 Votes)

 Отбасы - сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы. Осынау сөзде қаншама мән-мағына, терең теңеулер жатыр десеңізші. Отбасы күні халықаралық деңгейде 15 мамыр деп белгіленіп, ресми түрде тойлануда. Бұл күн біздің ата- аналарымызға, бауырларымызға, жақындарымызға құрмет көрсетіп, олардың шексіз сүйіспеншілігімен, мейіріміне, жылы жүрегімен, кіршіксіз таза көңіліне, қамқорлығына алғыс айту мақсатында аталып өтілетін маңызды мереке болып бекітілді. 

Осынау айтулы мереке қарсаңында ауданымыздағы көпбалалы отбасы Мұханбетовтер отбасы туралы айтпақпыз.

Отбасы – шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің ұйытқысы, шаңырақтың шаттығы ана екені баршамызға аян. Осы ретте біз отбасының ұйытқысы, көпбалалы ана Қарлығаш Кенжебайқызымен тілдестік.

Көпбалалы отбасыда дүниеге келген ол ананың даналығымен, әкенің қамқорлығын бойына сіңіріп өскен. 2000 жылы Мақат кентінің азаматы Ғалымжан Мұханбетовпен шаңырақ көтеріп, дүниеге 4 қыз бен 1 ұлды әкеледі.

Сонымен қатар, ошақ басында бала тәрбиесімен айналысқаннан бөлек, елдің экономикалық дамуына өзіндік үлесін қоса білді. Сөзіме дәләл, көпбалалы ана Қарлығаш еңбек жолында «Мұнайшы» газетінде, кейіннен «Бал-бөбек» балалар бақшасында қызмет атқарды.

Жолдасы теміржол саласында, нақтырақ айтар болсақ Депо ЛСЦ мекемесінде слесарь болып қызмет еткен. Тағдырдың тауқыметі болса керек, жолдасы 2019 жылы дүниеден озды. Жалғыздың жары құдай демекші, өмірдің сүбелең жолында еш қаймықпай 4 қыз бен 1 ұлды жетілдіріп, жоғары оқу орындарына түсіреді. Бүгінгі таңда ұлы Бекзат әке жолын жалғап теміржол саласына қызметке орналасып, еңбек етуде. Үлкен қызы Гүлжан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмәмдап, ұстаздық қызметін атқарады. Қазіргі таңда тұрмыста. Ортаншы қызы Нұршат Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық колледжде хореография мамандығында білім алуда. Кейінгі екі қызы Жаннұр мен Әдемі мектеп оқушылары.

Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер демекші, балалары асыл өнерімізден алшақ емес. Балаларының бойындағы шығармашылық қабілетті ерте кезінен байқаған ана, дарындарын дамыту мақсатында қолдау білдіріп, қосымша үйірмелерге қатыстырған. Соның нәтижесінде қыздары бүгінде өнер саласының үздіктері, ауданымыздың мақтаныштары.

Осы ретте ұлттың ұйытқысы отбасы және оның ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген құндылықтарын жақсы білетін ол бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктерімен бөлісті.

«Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. Бұл қағида ешқашан өзгермеуі тиіс. Себебі тәрбиенің негізі жанұядан бастау алатындықтан, оған ешқашан немқұрайлылық танытпау керек. Ал, отбасында жақсы тәрбие алған бала, болашақта өз еліне адал қызмет етіп, елін сүйер азамат болатыны анық.

Отбасының берекесі де – балада. Бала - ең алдымен анаға күш-қуат беріп, бақыт сыйлайды ғой. Содан болар, балаларымның қуанышына масаттанып, әрбір жетістігіне мақтанып отырамын. Жалпы, үлкен отбасы болу ата-ана үшін мерей және жауапкершілігі жоғары», - дейді көпбалалы батыр ана Қарлыған Мұханбетова.

Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады. Аумалы-төкпелі заманда ұл-қыздарына өнегелі өмірдің көрінісін көрсете білген ол бүгінде бақытты ана. Тату үйдің түтіні түзеу шығады десек, шаңырағы шаттыққа толы отбасында, елім, жерім дейтін ұл-қыздардың туылары анық.

Б.Асхатқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT