Сенаторлар құрылыс нысандарында болды

(0 Votes)

Мамырдың 5-і күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев және Сағындық Лұқпанов арнайы іссапармен ауданымызға келді. Доссор кентіне жұмыс сапары барысында алдымен кенттегі жаңадан салынып жатқан жаяу жүргіншілерге және автокөлікке арналған жол құрылысының жұмысымен танысты.

Жалпы автокөлік жолдары мәселесі қашан да өзекті. Десе де, аудан аумағында жол төсеу жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Алдағы үш жыл ішінде Доссор кентіндегі тегіс жолдың үлесін 99%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінде кентте құны 600 млн теңгені құрайтын 5,8 шақырым жол төсеу жұмыстары жүріп жатыр. 2019 жылы басталған жол құрылыс жұмыстары биыл аяқталмақ. Жобаның бас мердігері -«Ақжол» құрылыс мекемесі. Ал, биыл бөлінген 300 млн. теңгеге 1,5 км асфальт және 2,4 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселуде.

senat-9

Сенат депутаттарына жол құрылыс жұмыстарын таныстырған аудан әкімі Шәкір Кейкин аталмыш жобаның ішіне автотұрақ кірістіру көптен бергі көкейде жүрген мәселе екенін айтты.

senat-4

«М.Өтемісұлы көшесі республикалық маңызы бар жолдың бойында. Бұл көшеде көптеген кәсіпкерлік нысандар орналасқан. Жолаушылар көбіне осы жерге аялдап, жолға қажетті керек-жарағын алады. Ал, бұл жердің автотұрағы көп жылдан бері жарамсыз. Сондықтан да кенттің кіреберісі, жолаушылардың дені аялдайтын бұл жерге автотұрақ салу маңызды деп шештік. Жол-құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жолаушылардың ғана емес, тұрғындардың да ризашылығына ие боламыз деген сенімдеміз. Доссор - ауданның айнасы. Осы республикалық жолмен қатынап жатқан халық Доссор кентіне қарап, ауданымызға баға береді. Сондықтан кіре берісіміздің айнадай болып тұруы біз үшін маңызды. Мұның барлығы халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар»,- деді аудан басшысы Ш.Кейкінұлы.

Айта кетейік, бұдан бөлек кентте биыл облыс әкімі М.Досмұхамбетовтың тапсырмасы негізінде 21 шақырым асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүріп жатыр. Жеңімпаз аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталатын болады.

senat-5

Кенттің жол төсеу жұмыстарына қанық болған сенаторлар жаңадан салынған 280 орындық «Ботақан» ясли балабақшасына табан тіреді. Екі қатарлы балабақша «ТеңізШеврОйл» компаниясының қолдауымен салынған болатын.

senat-6

Жалпы аумағы 2799 шаршы метрді құрайтын аталмыш бөбекжай былтыр қазан айында қолданысқа беріліп, тұрғындарды қуантқан болатын. Қазіргі таңда балабақша 220 баланы қамтып отыр. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты ата-аналардың өтінішімен балалардың 60 пайызы ғана балабақшада тәрбиеленуде. Заманауи стандартқа сай салынған балабақшада 65 қызметкер жұмыс атқаруда. Оның ішінде 25-і педагог.

senat-2

Ғимараттың іші толықтай заманауи құрылғылармен, жаңартылған білім беру талабына сай жабдықталып, әр бөлмеде интерактивті тақта мен сенсорлы үстел үсті планшеттер қойылған. Мұндағы медициналық блок пен үйірме, спорт залдары, ас ішетін, кір жуатын бөлмелер толықтай қажетті құралдармен жабдықталған. Балғындардың қауіпсіздігі үшін лифт қондырылған. Балалардың жатын орны да сапалы жиһаздармен жабдықталған.

senat-8

Балабақша жұмысымен танысқан сенаторлар қызметкерлермен емен жарқын әңгімелесіп, олардың мәселелеріне де құлақ түрді.

senat-7

Осылайша кенттегі келелі істерге қанық болған сенат депутаты алдағы атқарылар жұмыстарға сәттілік тілеп, Жылыой ауданына жол тартты.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT