Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Мақат ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді.
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімі Жұмабай Қарағаев жүргізіп, оған ардагерлер, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйым мүшелері, бөлім басшылары мен тұрғындар қатысты.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің хатшысы Сәрсенбай Құрманұлы Парламент жұмысы, қабылданған заңдар, атқарылған жұмыстар туралы елді хабардар етіп, халықтың ұсыныс-тілектерін білу мақсатындағы сапарының мән-жайын түсіндірді.
Сөзін еліміз үшін саяси шешім қабылданған, яғни Президент сайлауы өтіп, таңдау жасалған Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор сенім артылып отырғанынан бастаған сенатор бұдан әрі заңға енгізілген өзгерістермен сөзін сабақтады.
-Бір жыл ішінде ҚР Парламенті 84 заңды қарап, оның 83-ін қабылдады. Оның ішінде Конституцияға енгізілген өзгерістер, 7 жаңа, өзгерістер енгізілген 24 заң, 49 халықаралық шарттарға қатысты шешімдер қабылданды.
Біздің мемлекет демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет болумен қатар әлеуметтік те мемлекет. Қазіргі таңда республикалық бюджеттің 40 % әлеуметтік салаға жұмсалып отыр. Әлеуметтік салаға қатысты қабылданған заңда айрықша тоқталатыны дәрі-дәрмек бағасын реттеу, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды әлеуметтік жағынан қамсыздандыру, тұрғын үйге қатысты орынды шешімдер бар. Әсіресе, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, «Ана даңқы» ордені иегерлері мен көпбалалы аналар енді осы заңның арқасында бірінші кезекте үйдің кезегіне тұра алатын болды.
Сонымен қатар, республикалық бюджет туралы 2019-2021 жылдарға арналған заң қабылданбаса әлеуметтік төлемдер төленбес еді, халықтың банк алдындағы борыш жүктемесі өтелмес еді,-деген ол жалпы масылдықтан арылып, еңбекқұмар болуға шақырды.
Парламентке Атырау облысы атынан сайланған депутат мұнайлы облыстың, оның ішінде Мақат ауданы халқының мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлесі мол екенін айтып, ризашылығын да білдірді.
Жұмыс көздерін ашу, халық тұрмысын арттыру, салық базасын кеңейту, автожолдар мен су көздерін тиімді пайдалану сынды мәселелер төңірегінде де ой қозғаған сенатор тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
А.БАЙ