Қазаққа келін болған Елена

(1 Vote)

 Бүгінде еліміз үшін бірлік күнінің орны ерекше. Себебі, қазақтың байтақ даласында татулығы мен бірлігі жарасқан 130-дан астам ұлт өкілі мекен етеді. Ал, 1 мамыр – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, ынтымақ пен бірлікті, ортақ құндылықты насихаттайтын айтулы мереке. Мереке қарсаңында біз де ауданымыздағы өзге ұлт өкілдері туралы жазуды жөн көрдік. Солардың бірі – ұлты орыс болса да, жаны қазақ Елена Ахметова.

Елена Александрқызы Мақат кентінде 1994 жылы дүниеге келген. Л.Шахатов атындағы орта мектепте білім алған ол бүгінде кенттегі азық-түлік дүкенінде жұмыс жасайды.

Көпшілік жерде тек қазақша сөйлейтін Еленаның қазақ халқына деген, мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше. Ол тек қазақ тілін ғана емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді де жақсы ұстанатынын айтады.

Сонымен қатар, Еленаның ата-анасы да – осы өңірде туып өскен жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ ол қазақ тілін кішкентай кезімнен жақсы білемін, дейді.

«Қазақ ауылында дүниеге келген соң, достарым да, айналамдағы адамдар да қазақ болды. Содан болар, қазақша жақсы сөйлеймін. Әрине, бастапқыда қиын болды. Бірақ, жақсы түсінетін едім. Уақыт өте келе үйреніп кеттім»,-дейді кейіпкеріміз.

Қазақ жерінде өскен орыс қызы – бүгінде қазақ әулетіне түскен үлгілі келін. Жолдасымен бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты жанұя.

«Ата-анам, бауырларым – осы ауылда өскен жергілікті тұрғындар. Әкем өмірден ертерек өтті. Ал, отбасым қазіргі таңда басқа қалаға көшіп кетті. Өзім осы ауылдағы қазақ отбасына келін болып түстім. Бір айта кетерлігі, келін болып түскен әулетімде башқұрт та, орыс та бар. Сондықтан, көпұлтты отбасымыз десем де болады. Біз бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп жатырмыз. Әрбір отбасы кішкентай мемлекет секілді, онда сыйластық, сүйіспеншілік, бауырмалдық орнаса, бірлік пен татулық болады»,-дейді Елена Ахметова.

Сондай-ақ, ол отбасында қазақы салт-дәстүрді жақсы ұстанатынын тілге тиек етіп, қазақтың ұлттық тағамдарын жиі дайындайтынын жеткізді.

«Қазақ салт-дәстүрді құрмет тұтып, қалтқысыз орындаған халық. Әр салт-дәстүрдің астарында мәндік, мағыналық ерекшеліктер қаншама?! Сол себепті, біздің отбасымызда да салт-дәстүрлер сақталады. Мереке күндері қазақтың ұлттық тағамы – бешбармақты міндетті түрде дайындаймыз»,-дейді ол.

Сонымен қатар, Елена бірлік күнінің ерекше мереке екендігін айтып өтті.

«1 мамыр – бірлік күнінің басқа мерекеден ерекшелігі – барша халықты ұлт пен ұлысқа бөлмей, тең қарап, олардың бір-біріне деген бауырластығын арттыруында. Мереке қарсаңында барлық Қазақстан халқын бірлік күнімен құттықтаймын! Елімізде әртүрлі ұлттардың тату-тәтті өмір сүретініне қуаныштымын! Әрұашан бейбітшілік пен тыныштық болсын!»,-деп ізгі тілегін жеткізді Елена.

Иә, өзіндік дәстүрі бар орыс халқынан шыққан Еленаның қазақ ортасында өсіп-тетілуі, халқымыздың өзге ұлтты жатсынбай, ортақ Отан сыйлаған, кең пейілді халық екеніміздің тағы бір айқын дәлелі.

Сондай-ақ, көптеген ұлт шаңырағына айналған Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің анық үлгісі.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT