Атырау қаласында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық спартакиада ұйымдастырылды. Спорттың 8 түрінен өткен жарысқа 24 команда 600-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысып, тартысты додаға түсті.
Аталған шараны облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев ашып, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Ерлан Ермаханбетов мемлекеттік қызметті жауапкершілікпен атқарып жүрген барлық қатысушыларға спортта да жарқын жеңістер мен сәттіліктер тілеп, құттықтауын жеткізді.
Үш күнге созылған спартакиада шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, бильярд, жүзу және садақ ату сайыстарынан тұрды. Аудан құрамасы аталмыш сайыста барлық спорт түрінен бақ сынап, тартысты ойын көрсете білді.
Қазақ күресі спорты бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Бекбол Әбуов 74 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алды. Ал, шағын футбол ойынында ерекше көзге түскен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполов «Жеңіске деген жігері үшін» аталымына ие болды.
Барлық жеңімпаздар диплом және медальдармен марапатталды. Аудан әкімі Ринат Ибрагимов жеңіс үшін барын салған әріптестеріне алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
М.ІЗТҰРҒАНОВА