11 мамыр күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті.
Отырыста мемлекет басшысы елде төтенше жағдай режимнің аяқталғанын, бірақ дерттің таралуы бәсеңдемей тұрғанын атап өтіп, карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын айтқан еді.
Осыған орай, Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 10 мамырдағы №44 қаулысы қабылданып, 25 мамыр сағат 07.00-ге дейін аудан аумағында шектеу шаралары енгізілген болатын. Тиісінше, аудан тұрғындары арасында мекеме, ұйымдар мен кәсіпорындар қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге ақпараттық – түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Мобильді топ құру туралы» аудан әкімінің өкімі қабылданып, дүйсенбіде топ құрамы жеке кәсіптегі нысандарды аралады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кезінде жеке кәсіптегі нысан басшыларына, қызметкерлеріне, сондай-ақ тұтынушыларға, коронавирус инфекциясына байланысты санитарлық-эпидемиялық сақтау талаптары туралы түсінік беріліп, шектеу шаралары толығымен алынбағанын қаперге берді.
Топ құрамы азық-түлік, құрылыс дүкендеріне кемінде 5 адамнан маска тағу қағидасымен ара қашықтықты сақтау туралы, ал шаштараз бен сұлулық салондарына алдын ала жазылу арқылы қызмет көрсету талабы жөнінде де құлақағыс етті.
Осы бағыттағы ақпараттық түсіндіру жұмыстары өз жалғасын шектеу талаптары аяқталғанға дейін жүргізілетіні туралы айтыла отырып, талаптарды сақтамаған жағдайда заң шеңберінде жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертілді. Сәл босаңсып кетсек, шектеу шаралары әрі қарай жалғаса беруі мүмкін. Сондықтан қойылған талапты құп алып, деніміздің саулығы үшін қауіпсіздік шараларына жіті мән берейік.
А.САДЫКОВ
суреттер автордікі