Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры, профессор Саламат Идрисов брифинг барысында осы және өзге де жағымды жаңалықтармен бөлісті, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Жыл сайын университет 30-40 млн. теңге бөліп, тұлдыр жетім, аз қамтылған отбасыдан шыққан, мүмкіндігі шектеулі студенттерге, ғылым, білім, спорт, өнердегі халықаралық және республикалық байқау жеңімпаздарына оқу ақысын төлеуде 20-100 пайыздық жеңілдік жасап келеді. Енді бұл қатарға дебат турнирінің жеңімпаздары да қосылмақ. Сондай-ақ, университетте 500 ден астам ерікті бар. Ал, биыл пәндік республикалық олимпиаданың облыстық кезең жеңімпаздарына 13 университет гранты тағайындалды. Студенттердің стипендиясы – 26186 теңгені құраса, педагог мамандықтарының шәкіртақысы 42000 теңгеге жетіп отыр. Сол секілді, университет дарынды жастарды қолдау мақсатында «Алтын белгі» иегерлеріне 15 мың теңге қосымша шәкіртақы төлейді, – деді Саламат Идрисов.