Оқушылардан құралған ұлт-аспаптар ансамблі есептік концерт берді

Оқушылардан құралған ұлт-аспаптар ансамблі есептік концерт берді
(0 Votes)

 Аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов, аудандық мәслихат төрағасы Азамат Шаңғалаев және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айбол Долдашев №2 бастауыш мектебінің оқушыларынан құралған ұлт-аспаптар ансамблінің «Біз - тәуелсіз елдің ұрпағымыз!» атты есептік концертіне қатысты. Ұжымның жұмысына жоғары баға берген жергілікті билік өкілдері оларды алғыс хатпен марапаттады. 

Сондай бұл кешке облыстық білім беру басқармасының Әдістемелік орталығының басшысы Зина Ізтелеуова және орталықтың тәрбие әдіскері Кәмшат Шошақова, «Өрлеу» облыстық филиалы «Кәсіби даму институтының» директоры Роза Дәулетова, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, мектептің қамқоршылық төрағасы Қабылхан Омаров қатысып, оқушылардың өнерін тамашалады.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылған концертпен ансамбілдің тұсауы кесілді десе де болады. Өйткені бұл олардың алғашқы дебюттік шығармашылық кеші болды. Бастауыш сынып оқушыларынан құралған ансамбль - еліміздегі мектептен ашылған алғашқы өнер ұжымы. Ансамбль мүшелерінің ең кішкентайы – 7-де болса, үлкені - 9 жаста. Құрамында әзірге 2 және 4 сыныптың 15 оқушысы бар, оқу жылының аяғына дейін бала санын көбейту жоспарланып отырған көрінеді. Ансамбльге Ерасыл Мұсаев және Ернар Бекболат сынды ұстаздар жетекшілік етеді. Концерт кезінде ансамбль домбыра, асатаяқ, жетіген, бубен, кахон сияқты аспаптарда ойнап, халықтық ән-күйлермен қатар, әлем классиктерінің туындыларын да орындады. Атап айтсақ, халық күйі «Нәр ағашы», Моцарттың шығармасы «Аллегретто», халық әні «Еркем-ай» шығармаларын орындап, «Біз өмірдің гүліміз», «Бау да мекен, бақшада», «Тень-Тень», «Құттықтаймын, мама!» әндерін шырқады.

Сондай-ақ ансамбльдің мүшелері жекелей де өз өнерлерін паш етті. 4 сынып оқушы Нұрбек Беркін «Көктем» күйін, 3 сынып оқушылары Әнел Берікқызы мен Айшабибі Бекболатқызы жетіген аспабында халық күйі «Кербез қыз» және «Арман» шығармаларын орындаса, Кәусар Хасан мен Аида Кабдрахим«Қошақаным қайда екен?» әнін шырқады. 2 «а» сынып оқушыларының бишілері «Жұмыр қылыш» биін мың бұрала биледі. Былтырғы жылдың желтоқсан айында мектепте «Хор» үйірмесі құрылған болатын. Кештің көзайымы болған үйірме оқушылары «Желтоқсан желі», «Елім менің», «Гүлдерайым», «Дос болу керек» әндерін ұстаздары Ерасыл Русланұлының фортепианода сүйемелдеуімен орындады. Кешті тамашалағандар түрлі аспапты меңгеріп, өнері мен шеберлігін ұштастырған балалардың өздеріне көңілді кеш сыйлағандарына ризашылық білдіріп, осындай игі істі қолға алған жандарға рахмет айтты.

«Қазіргі таңда бала саны көп мектептерде мұндай ұлт аспаптар ансамблі жоқ. Немесе кей мектептерден күй орындайтын баланы табуға қиналып қаламыз. Осындай кезде шағын мектепте керемет ансамбльді ұйымдастырып отырған басшылықтың еңбегі өте зор. Және осы ұлт-аспаптар ансамблінің құрал-жабдығын алып беруде облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Орақұлының көмегі тигенін айтып өтті мектеп директоры. Міне, бүгін сол еңбек ақталғандай», - деді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ҰО АОФ директоры Роза Дәулетова. Ал, кешті қорытындылаған мектеп директоры Руслан Баймұқашев: «2022 жылы қараша айында облыс әкімдігінің қолдауымен осы ұлттық жобамыз бастау алды. Қажетті аспаптар сатып алынды. Балалардың өнерге талпынысы керемет.

Қазір ансамбль құрамында 15 оқушы бар, оқу жылының соңында 30 оқушымен тағы да концерт қоюды жоспарлап отырмыз», - дейді ол. Қарапайым ауыл мектебінде оқушылардан құралған өз ансамблінің болуы әрине қуанарлық жағдай. Сондықтан бұл өзге ұжымдарға да үлгі боларлық дүние.

М.Серікқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT